Атырауда үшкір затпен жараланған оқушының жағдайы қалай
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласындағы мектептердің бірінде үшкір заттан жарақат алған 8-сынып оқушысы жансақтау бөлімінен жалпы палатаға ауыстырылды. Бұл туралы облыстық балалар ауруханасының өкілдері мәлімдеді.
Облыстық балалар ауруханасы директорының орынбасары Ержан Есболаевтың айтуынша, қыз бала ауруханаға түскен кезде оған шұғыл интенсивті терапия жүргізілген.
— Бала жарақатпен түскенде шұғыл интенсивті терапия жүргізілді. Қазір пациенттің жағдайы тұрақты, орташа ауыр жағдайда деп бағаланып отыр. Пациент анасымен бірге жалпы палатаға шығарылды. Денесінде ауырлық тудыратын жарақаттар бар. Кеуде клеткасы, қолы және мойын аймағы жарақаттанған, — деді Ержан Есболаев.
13 қаңтар түстен кейін Атырау қаласындағы мектептердің бірінде 9 сыныпта оқитын оқушы 8 сыныптағы қызды үшкір затпен жарақаттаған еді.
Осы жағдайдан кейін мектеп қауіпсіздік шараларын күшейтіп, ата-аналармен жиналыс өткізген.
Binom Atyrau ЖШС директорының уақытша міндетін атқарушы Өнербек Ерғалиевтің айтуынша, мектепте оқушылардың сөмкесін тексеруге заң бойынша рұқсат жоқ.
— Заң бойынша оқушылардың сөмкелерін тексеруге құқығымыз жоқ. Ұл бала академиялық үлгерімі төмен оқушылардың тізімінде болған. Алайда психикалық ауытқуы немесе тәртібі бойынша арнайы есепте тұрған жоқ. Қазір қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Мектеп алдындағы бақылау пункттеріне металл детекторларын орнату жоспарланып отыр, — деді Өнербек Ерғалиев.
Еске салайық, бұл оқиғаға қатысты полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.
Бұған дейін Атырауда 58 жастағы мұғалімді күйеуі пышақтап өлтіргенін жазған едік.