Атырауда үйінің айналасын таза ұстамаған 419 тұрғын жауапқа тартылды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында үйі мен ғимаратының айналасын талапқа сай күтіп ұстамаған 419 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полицейлердің мәліметінше, тұрғындардың көбі үй маңын қоқыстан тазаламау, арамшөпті ормау және абаттандыру қағидаларын сақтамау дерегі бойынша заң алдында жауап берген.
Атырау облыстық Полиция департаментінің ақпаратына сүйенсек, әкімшілік жауапкершілікке тартылғандардың 11-і – жеке кәсіпкер.
Ескертуге қарамастан талапты орындамаған азаматтарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша жалпы сомасы 500 мың теңгеден астам айыппұл салынған. Тәртіп сақшыларының айтуынша, абаттандыру қағидаларына сәйкес меншік иелері өз үйінің немесе ғимаратының айналасындағы 5 метрге дейінгі аумақты таза ұстауға міндетті. Бұл талапқа қоқысты тазалау, арамшөпті шабу кіреді. Сондай-ақ аулаға құрылыс қалдықтары мен отын үйіп қоюға, автотұрақ орнын қоршап, жеке меншік ретінде пайдалануға тыйым салынады.
- Құқық бұзушылық алғаш анықталғанда ескерту жасалады. Ал талап қайта бұзылса, жеке тұлғаларға 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынып, қайталанған жағдайда оның көлемі екі есе ұлғаяды. Бұл талап заңды тұлғаларға, жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарына да ортақ, - деді Атырау облыстық ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының аға инспекторы Нұрболат Сахипов.
Айта кетейік, 1 шілдеден бастап Қазақстанда қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың үлгілік қағидаларына өзгерістер енгізілді. Енді тұрғындар өз үйінің айналасындағы 5 метр радиустағы аумақтың тазалығын қамтамасыз етуге міндетті.
Бұған дейін Атырауда заңсыз қоқыс үйінділері үшін 7 әкім жауапқа тартылған еді.