Атырауда вокзал маңындағы кәсіпкерлер сауда орындарын босатуға қарсы
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда теміржол вокзалы аумағында жұмыс істеп келген кәсіпкерлер сауда орындарын босату туралы хабарлама алғаннан кейін алаңдаушылық білдіріп отыр. Олардың айтуынша, нысандарды көшіруге небәрі он күн уақыт берілген.
Кәсіпкерлердің сөзінше, көпшілігі дүңгіршектерді орнату үшін несие алып, қомақты қаражат жұмсаған. Енді қысқа мерзім ішінде сауда орындарын босату туралы талап олардың жұмысына және қаржылық жағдайына кері әсер етуі мүмкін.
— Әрқайсымыз 10-15 миллион теңгеге дейін қаржы салдық. Қыстың суығында жұмыс істеп, кәсіпті жолға қойдық. Оның үстіне несие алдық. Енді соның бәрін кім өтейді? Он күн ішінде босатып шығуымыз керек деген хабарлама алдық. Мұның заңдылығын қарастыруды сұраймыз, — дейді кәсіпкер Гүлнар Шекетаева.
Кәсіпкерлер дүңгіршектерді бұзбауды және өздеріне балама орын ұсынуды талап етіп отыр. Олардың пікірінше, қазіргі жағдайда сауда нүктелерінен айырылу несие төлемдерін өтеуге айтарлықтай қиындық туғызады.
— Банктерден алған несиелеріміз бар. Оларды төрт-бес жыл бойы төлеуіміз керек. Салық төлеп отырмыз, жұмысшыларымыз бар. Егер бұл орындар жабылса, барлығы өтемсіз қалады. Сондықтан жергілікті биліктен жағдайымызды назардан тыс қалдырмай, қолдау көрсетуді сұраймыз, — дейді кәсіпкер Самал Әбдірова.
Ал жауапты мекемелердің мәліметінше, қазіргі уақытта теміржол вокзалында ауқымды қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Жоба аясында ғимараттың ішкі және сыртқы келбеті толық жаңартылмақ.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы Атырау магистральдық желі бөлімшесі филиалының директоры Аралбай Қосымбаевтың айтуынша, сауда нысандары құрылыс жұмыстарына кедергі келтіріп отыр. Жоспардан кешігу мәселесі де бар.
— Ең бастысы — қауіпсіздік. Қазір бұл аумақта ауқымды құрылыс жүріп жатыр. Мердігер ұйымдар мен техникалық қадағалау мамандарынан жұмыстарға кедергі келтіріп отырғаны жөнінде хаттар келді. Кейбір техникалар құрылыс алаңына өте алмай тұр. Болашақта жаңа вокзал пайдалануға берілген кезде мұндай павильондар қарастырылады. Сол кезде кәсіпкерлер конкурсқа қатысып, өз орындарын ала алады, — деді ол.
Жоспар бойынша вокзал ғимаратын жаңғырту жұмыстары 2028 жылы аяқталуы тиіс.
Ал кәсіпкерлер әзірге жергілікті атқарушы органдардың араласып, өздеріне басқа орын тауып беруін сұрап отыр.
Жалпы өңірде 9 теміржол вокзалы жаңартылып жатыр.