Атырауда жас босанған әйелдің қазасына қатысы бар дәрігерлерге сот үкімі шықты

Атырауда жас босанған әйелдің денсаулығы нашарлап, дәрігерлер көмегіне жүгінген. Алайда, ақ халаттылар кәсіби міндетін орындауда немқұрайлық танытқан, деп хабарлайды Kazinform.

Түнгі клубтағы кісі өлімі: Сотталушыларға үкім шықты
Фото: Kazinform

Атырау қаласының №2 сотында облыстық ауруханасының 6 дәрігеріне қатысты қылмыстық іс қаралды. Дәрігерлерге ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабының 3-бөлігімен айып тағылған.

«2022 жылғы 17 қаңтарда Атырау облыстық №2 ауруханасының мобильдік бөліміне түскен жүкті әйел Х.-дан тестілеу нәтижесіне сәйкес симптомсыз «Covid-19» короновирустік инфекциясының белгілері анықталған. Сол күні босанып, палатаға шығарылған әйел денсаулығына шағым айтып, дәрігерлердің өзін қарауын талап еткен. Алайда, сол күні кезекшілікте болған инфекционист дәрігерлер А. мен Т., акушер-гинеколог А. өздерінің кәсіби міндетіне немқұрайлы қарап, жәбірленуші Х.-ға дер кезінде медициналық көмек көрсетпеген. Келесі күні таңертең жұмысқа келген жансақтау бөлімінің меңгерушісі Е., жансақтау бөлімінің реанимотологы С., аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары міндетін атқарушы К. науқастың жағдайын анықтап, консилиум қорытындысымен оған жедел түрде ота жасау қажеттігі жөнінде шешім қабылдаған», - деп хабарлады №2 соттың баспасөз қызметі.

Алайда, ота жасалғаннан кейін жәбірленушінің жағдайы жақсармаған. Осыған байланысты қайтадан ота жасау қажеттігі туралы шешім қабылданған. Екінші ота жасау кезінде жәбірленуші Х-ның жағдайы күрт нашарлап, қайтыс болған.

Көрсетілген мән-жайлар мен сотталушылар А., Т., А.-ның кінәлары жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, сарапшының, маманның қорытындыларымен және айғақтарымен, бейнежазбалармен дәлелденген. Ал, дәрігерлер Е.,С.,К.-нің өз міндеттерін тиісінше орындамау фактісі дәлелін таппаған.

Прокурор сотталушыларға 3 жыл мерзімге дәрігерлік қызметпен айналысу құқығынан, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды ұсынған. Сотталушылар тағылған айыппен келіспей, өздерін ақтауды сұраған.

«Сотталушылар А., Т. және А.-ның жазасы мен қылмыстық жауаптылығын жеңілдететін мән-жайлар ретінде олардың отбасылық жағдайы ескерілді. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады. Сот үкімімен А., Т., А. ҚР Қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылды», - деп мәлім етті соттың баспасөз қызметінен.

Оларға 3 жыл мерзімге дәрігерлік қызметпен айналысу құқығынан, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, Т. және А.-ға 63-бап қолданылды. Енді олар жазасын шартты түрде өтейді.

Ал, 3 сотталушы Е., С. және К.-ның әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы болмауына байланысты ақталды.

Жәбірленушінің моральдық зиян өтемақысын өндіру туралы азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар