Атырауда Жайық өзенінің жағалауынан құм толтырылған қапшықтар алынып жатыр

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында Жайық өзенінің жағалауына топырақ толтырылған қапшық қойылған болатын. Бүгін өзеннің мұнайлы шаһар аумағындағы жағалауынан сондай қапшықтар жиналып жатыр.

Паводок Су тасқыны
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғасырбек Төлегеннің айтуынша, Жайық өзенінің қауіп сейілген аумақтарынан құм толтырылған қапшықтарды жинауға ұйғарым жасалған. 

«Қазір Атырау қаласында Жайық өзеніндегі су деңгейі төмендеп келеді. Бірнеше күннен бері судың деңгейі қайта көтерілген жоқ. Сол себептен, Атырау қалалық әкімдігі тасқын су басу қаупі сейілген аумақтардан топырақ салынған қапшықтарды жинау жұмысын қолға алды. Бүгін Жайық өзенінің Атырау қаласындағы орталық көпір, „Авангард“ шағын ауданындағы жағалауынан құм толтырылған қапшықтар жинау басталды», -деді Ғасырбек Төлеген. 

Оның мәліметіне сүйенсек, Жайық өзенінің Атырау қаласы аумағындағы жағалауында 250,7 шақырым бөгет бекітілген. Қалалық әкімдік тарапынан осы мақстақа 4 млн 900 мың қапшық таратылған. 

«Қапшықтарға толтырылған топырақ арнайы карьерлерден алынған еді. Енді өзен жағалауынан жиналып алынға қапшықтағы сол карьерлерге қайта төгіледі. Бұл жұмысты Жайық өзенінің жағалауын бекіту тапсырылған компаниялар мен мекемелер атқарады», -деп мәлім етті Ғасырбек Төлеген. 

Бүгін түсқайта сағат 16:00–де Жайық өзенінің деңгейі Атырау қаласында 591 сантиметр болды. 

Ал, мұнайлы шаһар маңындағы Жаңаталап ауылында 423, ал, Еркінқала елді мекенінің тұсында 381 сантиметрді көрсетті. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудағы эвакуациялық пункттердегі тұрғындар түгелдей үйіне оралғанын хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар