Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Атырауда жекеменшік балабақшалар тариф айырмасының төленуін талап етті

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атыраудағы жекеменшік балабақша иелері мемлекеттен бөлінетін қаржының кешігуіне байланысты қиындыққа тап болғанын айтып, облыстық кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрады. Кәсіпкерлердің айтуынша, қаңтар мен ақпан айларындағы тариф айырмасы әлі күнге дейін төленбеген. Ал ай сайынғы қаржы да кешігіп түсіп жатыр.

а
Фото: видеодан алынған скрин

Кәсіпкерлердің айтуынша, 2026 жылдың басынан бастап мектепке дейінгі ұйымдардағы бір балаға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі 55 659 теңгеден 57 608 теңгеге дейін өскен. Алайда қаңтар мен ақпан айларында төлем бұрынғы норматив бойынша жүргізілген. Ал жаңа және ескі тариф арасындағы айырма әлі күнге дейін өтелмеген.

Сонымен қатар олардың сөзінше, ай сайынғы қаржыландыру да белгіленген мерзімнен кеш түсіп жатыр. Бұл мәселе қаржыландыру тетігі облыстық Білім басқармасынан Астанадағы Қаржы орталығына берілгеннен кейін туындаған.

в
Фото: видеодан алынған скрин

– Біз мамыр айының қаржысын маусымның 23-інде ғана алдық. Негізі бұл қаражат маусым айының басында түсуі керек еді. Қызметкерлердің жалақысын әр айдың 10-ына дейін төлеуге міндеттіміз. Амалсыз кешіктіруге тура келді. Тіпті кейбір балабақшалар сәуір айының ақшасын әлі алмағанын айтып отыр. Ал қаңтар мен ақпан айларындағы тариф айырмасы да төленген жоқ. Ең өкініштісі – еліміздің қалған өңірлерінде бұл мәселе жоқ, ал бізде шешілмей келеді, – деді кәсіпкер Гүлхан Өтегенова.

Атырау облыстық Білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов бұл мәселенің бюджет қаражатын нақтылау сессиясының кешігуіне байланысты туындағанын айтты.

в
Фото: видеодан алынған скрин

– Қаңтар және ақпан айларындағы тариф айырмасы міндетті түрде төленеді. Қазіргі таңда бюджеттен қосымша 700 миллион теңгеден астам қаражат сұрап отырмыз. Бұл қаржы аталған айырманы өтеуге бағытталады. Сонымен қатар ваучерлік жүйеде мемлекеттік балабақшаларда да тарифтің өсуіне байланысты қаржы тапшылығы бар. Сондықтан жергілікті бюджеттен қосымша қаржы қарастырылып жатыр. Сол себепті алаңдауға негіз жоқ, – деді басқарма басшысы.

Жиында кәсіпкерлер 2027 жылдан бастап енгізілетін балабақшаларды лицензиялау мәселесін де көтерді. Олардың айтуынша, жаңа талапқа сәйкес, жалға алынған коттеджлерде орналасқан балабақшалар ғимараттың нысаналы мақсатын тұрғын үй санатынан коммерциялық мақсатқа өзгертуі тиіс. Бұл кәсіпкерлер үшін қосымша қаржы мен уақытты талап етеді.

Айта кетейік, Атырау облысында 140-қа жуық жекеменшік балабақша жұмыс істейді. Онда 10 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатыр.

Бұған дейін балабақша ваучерін уақытында растамағандар кезектен айырылуы мүмкін екенін жазған едік.