Атырауда желтоқсаннан бері 1500-ге жуық ірі қарадан жұқпалы ауру анықталған

АТЫРАУ.KAZINFORM – Атырау облысына қарасты Құрманғазы мен Исатай аудандарында 1500-ге жуық ірі қарадан вирустық диарея және инфекциялық ринотрахеит ауруы анықталды. Бұл жөнінде облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы мәлімдеді.

жылқы
Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

Ауру белгілері желтоқсан айының соңында байқалған. Кейін мамандар арнайы зерттеу жүргізіп, симптоматикалық емдеуге кіріскен. Бүгінде 1 мыңнан аса мал аурудан айыққан.

Қазіргі уақытта Исатай ауданына қарасты Зинеден, Құрманғазы аудандарына қарасты Дыңғызыл, Еңбекші, Бөкейхан және Құрманғазы ауылдарына карантиндік шектеулер енгізілген.

Анығын айтқанда, аталған елдімекендерге мал кіргізуге және шығаруға уақытша тыйым салынды.

- Бұл аурудың тарауына мал тасымалы әсер етіп отыр. Екі аудан транзиттік дәлізде орналасқан. Яғни, көрші РФ аумағынан төрт түлік тасымалданып жатыр. Алдымен малдың аузында жара пайда болады. Одан кейін сілекейі ағып, азық жемей қалады. Симптоматикалық шараларды жүргізу нәтижесінде мал шығыны тіркелмеді, - деді Атырау облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Сайран Ғұднан.

Ақпан айында өңірге 12 ауруға қарсы 1 млн 445 мың доза вакцина жеткізілген. Олардың арасында аталған ауруға қарсы вакцина да бар.Қазіргі уақытта облыстағы барлық ауылға вакциналар таратылып, аурудың алдын алу шарасы жүріп жатыр.

Атырау облысы Исатай ауданына қарасты Қамысқала ауылында 50-ден аса жылқы өліп қалғанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар