Атырауда жыл басынан бері 3444 донордың қаны жарамды болған

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда жыл басынан бері 4497 адам қан тапсыруға өтініш берген. Оның ішінде 3444 донордың қаны жарамды болған.

донорство
Фото: Canva

Атырау облыстық қан орталығы директорының орынбасары Самат Жолдыбаевтың айтуынша, барлық донордан 3407 доза эритроцит құрамдас қан компоненті, 608 доза криопреципитат және 405 доза тромбоцит құрамдас компонент дайындалған. 

«Қазір донорлар үшін барлық қолайлы жағдай жасалып отыр. Қан орталығының зертханалары жоғары технологиялық құралдармен жабдықталды. Донордан алынған қанды әзірлеу және қайта өңдеу бөлімшелері қажетті медициналық құралдармен толық қамтамасыз етілді. Қан компоненттерін әзірлеу, барлық түрін дайындау мен тексерудің кезеңдері компьютерлік және автоматтандырылған жүйемен жүргізіледі. Орталық инфекциялық, иммунологиялық, вирусологиялық қауіпсіздіктің максималды өлшемдерін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін заманауи стандарттарға сәйкес жұмыс істейді», - деді Самат Жолдыбаев. 

Оның мәліметіне сүйенсек, былтыр 12 мыңға жуық адам қан орталығына келіп, донор болуға ниет білдірген. Тексеруден соң 8 мың 500 донор қан тапсырған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жаңа туған сәбилерге Тасқынбек пен Тасқынби есімі қойылғанын хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар