Атырауда жыл басынан бері тұрғын үйлерде 90 өрт тіркелді
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау қаласында жыл басынан бері тұрғын үйлерде 90 өрт тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13% көп. Өрт салдарынан 2 адам қаза тауып, 3 адам күйік жарақатын алған.
Жалпы қала аумағында жыл басынан бері 123 өрт оқиғасы тіркелген. Сонымен қатар табиғи газдан уланудың 7 жағдайы анықталған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 2 жағдайды құраған.
Жылыту маусымы қарсаңында тұрғын үй секторындағы профилактикалық жұмыстар күшейтіледі. Биыл қалада әлеуметтік осал топқа жататын 383 тұрғын үй анықталып, олардың барлығы 100% араланған. Бұл үйлерде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жергілікті атқарушы органдар мен еріктілердің қолдауымен газ және түтін дабылқаққыштары орнатылып жатыр.
Атырау қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Ербол Ғабитовтың айтуынша, тұрғын үйлердегі өрттің негізгі себептерінің қатарында пештердің ақаулы болуы, мұржалардың уақытылы тазаланбауы, электр желілерінің шамадан тыс жүктелуі, қолдан жасалған электр жылыту құралдарын пайдалану және балаларды қараусыз қалдыру бар.
— Сондықтан тұрғындарға жылыту маусымы басталғанға дейін үйдегі пеш, мұржа, электр желісі мен жылыту құрылғыларының жарамдылығын тексеруді ұсынамыз. Пешті қараусыз қалдырмау, оның маңына жанғыш заттарды қоймау және оны тұтандыру үшін тез жанатын сұйықтықтарды пайдаланбау қажет, — деді Ербол Ғабитов.
Электр жылыту құралдарын қолданғанда бір розеткаға бірнеше қуатты құрылғыны қатар қоспау керек. Сондай-ақ ата-аналар балаларды қараусыз қалдырмай, сіріңке мен оттықтарды олардың қолы жетпейтін жерде сақтауы қажет.
Бұған дейін Қарағандыда 7 гектар жер өртеніп, қалаға түтін жайылғанын хабарладық.