Атырауда жолаушы тасымалдайтын компанияларға 3 айда 4 млрд теңге субсидия төленген

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда жолаушы тасымалдайтын компанияларға 6 млрд теңгеден астам субсидия бөлінген. Екінші жарты жылдықта қоғамдық көліктердің жұмысында қиындық туындауы мүмкін.

Атырауда жолаушы тасымалдайтын компанияларға 3 айда 4 млрд теңге субсидия төленген
Фото: Александр Павский/ Kazinform

«Атырау қалалық жолаушылар тасымалы қауымдастығы» жеке кәсіпкерлер және заңды тұлғалар бірлестігінің өкілі Арсен Қанатовтың айтуынша, мұнайлы шаһарда 6 компания жолаушыларға қоғамдық көлік қызметін көрсетеді. Ең басты түйткіл – бюджеттен субсидия төлеудің жүйелі түрде кешігуі.

– 2024 жылы субсидияның жалпы көлемі 6,7 млрд теңгені құрады. Субсидия қаржысы жыл басында бөлінді. Бірақ, наурыз айынан бері төлемдер кешіктірілді. Біз әкімдікке, көлік бөліміне, прокуратураға хат жаздық. Соның нәтижесінде автобус жүргізушілеріне маусым, шілде айлары үшін жалақының 50 пайызын ғана төледік. Қыркүйек айында жағдай одан да қиын болды. Желтоқсанның аяғында ғана барлық қарызды өтедік. Өйткені, ақша сол кезде түсті, - деп хабарлады Арсен Қанатов. 

Оның пікірінше, енді былтырғы жағдай қайталанбас үшін субсидия мәселесі алдын ала көтеріліп отыр. Биыл субсидияға 6 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. 

– Былтыр субсидиялау әдістемесі мен ережелеріне өзгертулер енгізілді. Автобус жүргізушілерінің жалақысы көтерілді. Бірақ биыл субсидия қайта есептеусіз өткен жылғы сома көлемінде ғана бөлінді. Жылдың алғашқы үш айында субсидия қаржысының 4 млрд теңгесі жұмсалды. Енді «Екінші жартыжылдықта қалай жұмыс істейміз?» деген мәселе туындап отыр. Біздің есептеуіміз бойынша биыл субсидияға 10 млрд теңгеге жуық қаржы қажет. Бүгінгі күнге дейін субсидияны ұлғайту жөніндегі комиссияның отырысы өткізілген жоқ. Бұл – ұзақ процесс. Ал біз маусым айында қаржыландыру мәселесіне байланысты қиындыққа тап боламыз деп есептеймін, - дейді Арсен Қанатов.

Оның айтуынша, жолаушы тасымалдаушыларды тағы бір мәселе алаңдатады. Бұл – оқушылар мен студенттердің жеңілдетілген жол жүру ақысына өтемақының төленбеуі. 

– Атырау қалалық мәслихаты 2015 жылы жолаушы тасымалдаушылардың бұл шығынын өтеу туралы шешім шығарған. Алайда, осы кезге дейін қаржы бөлінбеді. Біз осыған байланысты үнемі әкімдікке хат жазып келеміз. Әкімдік көлік бөліміне, одан кейін аталған бөлімге қарасты «Смарт Атырау» МКК-ға жібереді. «Смарт Атырау» бұған ақша жоқ деп жауап береді. Біз «Өтемақы болмаса, тегін жол жүруді алып тастаймыз» дейміз. Әкімдік бұған келіспейді. «Өтемақыны төлейміз» деп уәде береді. Алайда ешқандай нәтиже жоқ. Осыған байланысты прокуратура 2022 жылы әкімдікке ұйғарым жіберген еді. Бірақ жағдай әлі өзгерген жоқ, - деді Арсен Қанатов.

Жолаушыларды тасымалдайтын автобус жүргізушілерінің жалақысында айырмашылық бар. Осы істі қолға алған кәсіпкерлер жалақыдағы айырмашылықты әкімдіктен талап ету үшін сотқа жүгінуі мүмкін. 

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің Атырау облысы бойынша сектор меңгерушісі, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаевтың пікіріне сүйенсек, әкімдік талаптарды орындамаған. 

– Тіпті заңнаманы бұзып отыр. Алдағы уақытта түйткілді мәселелерді оң шешу үшін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңеске ұсыныс жолдаймыз. Өйткені осы тектес мәселе тек Атырау облысына ғана қатысты емес, - деп мәлім етті Сәрсенбай Жолдыбаев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау әкімдігі мейрамхана үшін берілген жер телімін қайтаруды талап еткенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар