Атырауда жүздеген миллионға салынған 3 полиция бекеті қаңырап бос тұр

АТЫРАУ.KAZINFORM – Әрқайсысы 300 млн теңгеге салынған Атырау қаласының шыға берісіндегі 3 полиция пункті әлі күнге қаңырап бос тұр. Тіпті кейбірінің есігі ашық жатыр, кез келген адам емін-еркін кіріп шығады.

Полиция бекеті
Фото: Нұрбибі Теміртасова

2018 жылы Атырау – Орал, Атырау – Индер, Атырау – Ақтау және Атырау-Астрахан жолдарының бойында полицейлерге штаттан тыс жағдайлардың туындағанда жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін 4 бекет салынды. Қазіргі уақытта тек Атырау-Астрахан тас жолының шекарадағы өткізу бекетіне жақын салынған пункт пайдаланылып отыр. Ал қалған үшеуі бос тұр. Карантин уақытында бұл нысандар блокбекет ретінде жұмыс істеді.

Атырауда жүздеген миллионға салынған 3 полиция бекеті қаңырап бос тұр
Фото: Нұрбибі Теміртасова

2021 жылы қалалық әкімдік «Атырау-Доссор» және «Атырау-Индер» трассасындағы стационарлық екі полиция бекетінің ғимаратын аукционға шығарды. Кәсіпкерге 9 және 10 миллион теңге кепілдік жарнасын төлеу керектігі туралы міндет қойылған еді. Дегенмен қызығушылық танытқан бизнесмен болмады.

Қазіргі уақытта 3 бекет Атырау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекция бөлімінің балансында. Енді бөлім бұл ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізіп, полиция департаментіне бермек.

Атырауда жүздеген миллионға салынған 3 полиция бекеті қаңырап бос тұр
Фото: Нұрбибі Теміртасова

- Қазіргі таңда бөлім теңгеріміндегі аталған пункттерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары қолға алынып жатыр. Алдағы уақытта күрделі жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін аталған нысандарды «Атырау облысы Полиция департаменті» теңгеріміне беру жұмыстары жүргізілетін болады, - деп мәлімдеді қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инпекциясы бөлімі.

Жалпы бекеттер қазір адам шошырлық жағдайда тұр. 2 қабатты нысанның қабырғасындағы сылағы түсіп, төбесіндегі жабындылар құлап жатыр. Терезелері сынып, иесіз нысанға айналған. Жалпы әкімдікке ғимаратты жөндеу туралы ұсынысты полиция департаменті айтқан.

Атырауда жүздеген миллионға салынған 3 полиция бекеті қаңырап бос тұр
Фото: Нұрбибі Теміртасова

- Бекеттердің басты мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстың алдын алу және жедел іс-шараларды жүргізу. Бұл нысандар қызметкерлердің көшпелі жұмыс орны деп айтуға болады. Бізде ауысыммен жұмыс істейтін қызметкерлер бар. Олардың арасында патрульдік полиция қызметкерлері бар. Бекеттер аталған қызметтің жұмыс бағытына пайдаланылады, - деді облыстық ПД баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.

Күрделі жөндеу жұмыстарының басталатын уақыты әзірге беймәлім. Өйткені, жөндеу жұмысының жобасы әлі басталмады. Полиция қызметкерлері болса жол бойындағы патрульдеу жұмысын көлікті отырып жалғастыра бермек.

Атырауда жүздеген миллионға салынған 3 полиция бекеті қаңырап бос тұр
Фото: Нұрбибі Теміртасова

Бұған дейін Ресеймен шекарадағы Құрманғазы бекетінде кезек мәселесі қалай шешілетінін жазған едік.