Атыраудағы 16 шақырымдық каналдың тағдыры: жаңғыртудың шекті құны – 31,6 млрд теңге
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атыраудағы Ерік-Мостовой каналының мәселесі бірнеше жылдан бері шешімін таппай келеді. Қазір каналдың кей бөлігін қалың шөп басып, ішінде сасық су жиналған. Қоқыс та көп. Бұған дейін нысанды қайта жаңғырту жоспарланған. Жаңа жобаның шекті құны 31 млрд 669 млн теңге деп белгіленгенімен, құрылыстың нақты қашан басталатыны әзірге белгісіз.
Жоба бойынша ұзындығы 16 шақырым болатын ашық канал жүйесін жабық жүйеге ауыстыру көзделген. Сонымен қатар су бұру және кәріз инфрақұрылымын жаңарту, аумақты абаттандыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, канал бойымен 16 шақырым велосипед және жүгіру жолағын салу, өздігінен ағатын, қысымды және нөсерлі кәріз желілерін жүргізу, кәріз сорғы станциясын салу қарастырылған. Бұдан бөлек, жарық орнатылып, көгалдандыру және тас төсеніш төсеу жұмысы жүргізіледі.
Бірақ әзірге бұл жұмыстың басталу мерзімі белгісіз. Қалалық әкімдіктің мәліметінше, қазіргі уақытта конкурс жариялауға қажетті құжаттар рәсімделіп жатыр. Ал жобалау жұмысын осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
- Жобалау жұмысын бастап, оны осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. 2027 жылы жобаны мемлекеттік сараптамаға енгізу көзделген. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін ғана жобаның нақты құны айқындалатынын хабарлаймыз, – деп мәлімдеді Атырау қаласының әкімдігі.
Нақтылап айтқанда, қазір айтылып отырған 31 млрд 669 млн теңге жобаның түпкілікті құны емес, шекті құны болып отыр. Бүгінде бұл жұмыс үшін әзірге қазынадан қаржы бөлінбеген.
Ерік-Мостовой каналын жаңғырту туралы сөз бұған дейін де болған.2023 жылы Атырау қаласының қалалық құрылыс бөлімі «Redline Pro» ЖШС-мен каналын қайта жаңғырту жобасына жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу бойынша келісімшарт жасаған. Алайда жобалаушы ұйым жұмыс жоспарына сәйкес міндеттерін орындамағандықтан, келісімшарт бұзылған.
Еске салайық, Атырауда бірнеше мекеменің қарауында болған ретро-саябақты жөндеуге 564 млн теңге қажет.