Атыраудағы алты көпірдің техникалық жағдайы зерттеледі

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда Жайық өзені арқылы өтетін алты автокөлік көпірінің техникалық жағдайы арнайы зерттеуден өтеді. Жұмыс барысында көпір конструкцияларының беріктігі, тіректері мен жүк көтеру мүмкіндігі бағаланып, нысандарды әрі қарай пайдалану тәртібі анықталады.

Атыраудағы алты көпірдің техникалық жағдайы зерттеледі
Видеодан алынған кадр

Техникалық зерттеуге Абай көшесіндегі орталық, Тұрғындар қалашығы мен Авангард ықшамаудандарын байланыстыратын, Балықшы мен Жұмыскер ықшамаудандарын жалғайтын көпір кіреді. Сондай-ақ Бейбарыс Сұлтан даңғылындағы, Мұса Баймұханов көшесі мен Атырау ықшамауданын байланыстыратын және Ғаббас Берғалиев көшесіндегі көпірлер тексеріледі.

Атырау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі техникалық зерттеу жүргізуге ашық конкурс жариялаған. Мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша Ақтөбе қаласының компаниясы 75 млн теңгеге жеңімпаз атанған. Жұмыстың бастапқы құны 122,4 млн теңге болған. Әзірше тапсырыс беруші мен мердігер арасында келісімшарт жасала қойған жоқ.

Бөлімнің бас маманы Сәлімжан Мұсабаевтың айтуынша, мердігер анықталғаннан кейін мемлекеттік сатып алу талаптарына сәйкес бес жұмыс күні ішінде келісімшарт жасалады.

— Мердігердің қажетті техникасы, мамандары және осы бағыттағы жұмыс тәжірибесі тексеріледі. Бұл жұмыста тиісті техника мен мамандардың болуы маңызды. Оның ішінде көпір тіректерінің су астындағы бөлігін тексеретін сүңгуір мамандар да қарастырылған, — дейді Сәлімжан Мұсабаев.

Техникалық зерттеу кезінде көпірлердің сыртқы жағдайы да қаралады. Мамандар конструкциялардағы жарықтар, деформациялар мен басқа да ақауларды анықтап, олардың орналасқан жері мен сипатын тіркейді. Сонымен қатар көпірдің нақты өлшемдері, негізгі көтергіш конструкциялары мен материалдарының жағдайы зерттеледі. Бұдан бөлек, көпір тіректері мен іргетастары, соның ішінде су астындағы бөліктері тексеріледі. Қажет болған жағдайда арнайы мамандардың көмегімен көпір тіректерінің су астындағы конструкциялары зерттеледі.

Зерттеу аясында көпірлердің жүк көтеру қабілеті де есептеліп, динамикалық сынақтар жүргізіледі. Оның нәтижесінде нысандардың нақты техникалық жағдайы бағаланады. Зерттеу жұмысы жыл соңына дейін жүргізіледі деп жоспаланып отыр. Келісімге сәйкес бұл жоба ауыспалы болып өзгеріп, келер жылы да жалғасуы мүмкін.

Зерттеу аяқталғаннан кейін әр көпір бойынша техникалық қорытынды жасалады. Онда нысанды әрі қарай пайдалану тәртібі, жөндеу немесе қайта жаңарту қажеттілігі көрсетіледі. Осы қорытындыға сәйкес әкімдік келесі жылға қажетті жұмыстарды жоспарлайды.

Еске салайық, Атыраудағы орталық көпір маусым айында 10 күнге жабылып, орташа жөндеуден өтті. 

Бұл көпірдің тағдыры көпті алаңдатады. Жыл басында қала әкімі Шәкір Кейкин 1965 жылы пайдалануға берілген көпірдің қасына жаңа көпір салу жобасы қарастырылып жатқаны жөнінде айтқан еді. Әзірге жаңа жоба таныстырылған жоқ.