Атыраудағы ауыл маңында қасқыр жүр
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау қаласынан 20 шақырымнан астам қашықтағы Дамбы ауылының маңында қасқыр жүр. Жыртқыштың елді мекенге жақындағаны тұрғындарды алаңдатып отыр. Бұл ауыл Каспий теңізінің жағалауынан 40 шақырым қашықтықта орналасқан. Ауыл тұрғындарының бірі жол бойынан қасқырды көріп, видеоға түсіріп алған.

Желі қолданушысы «Бөрісырғақта бұршақ борап, сырғақ болады дейтін еді. Жаңбыр құйып тұр. Бөрі ауылда жүр, сырғақ жоқ...», -деп жазба қалдырды.
Видеода авторының пікірінше, тұрғындарға үрей тудырған қасқыр атылған.
Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Мереке Шалқаровтың айтуынша, қазір қасқырдың ұйығу кезеңі басталған.
«Каспий теңізінің жағалауында қасқыр көп. Түз тағысының дені жағалаудағы қамыстың арасына тығылып жатады. Биылғы жылы қыс жылы болғандықтан, жағалау маңы батпақ, оған техника бара алмайды. Сондықтан, тұрғындардан сақ болуды сұраймыз», -дейді Мереке Шалқаров.
Оның айтуынша, биыл өңірдегі аңшыларға 2 мың қасқыр атуға рұқсат берілген. Аңшылық билеті, рұқсат құжаты бар аңшылар жыртқышты атып алуына болады.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысынан табылған киік өлексесіне байланысты тергеу жүріп жатқанын хабарлаған едік.