Атыраудағы инфекциялық аурухананың лаборанттары үстемеақыдан қағылды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облыстық инфекциялық ауруханасында жұмыс істейтін лаборанттар үстемеақының төленбеу мәселесін көтерді. Олардың айтуынша, биылдан бастап үкіметтің қаулысы негізінде инфекционист дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлеріне ай сайынғы үстемақы қарастырылған.
Алайда науқастардың биологиялық материалдарына талдау жасап, зерттеу жүргізетін лаборанттар мен рентген қызметкерлері бұл тізімге енгізілмеген. Лаборант Нурия Досқалиеваның сөзінше, инфекциялық бөлімдерге түскен науқастармен олар байланыста болады.

— Біз науқастардан алынған биологиялық материалдарды зерттеп, инфекциялық қоздырғыштарды анықтаймыз. Жұмысымыздың басым бөлігі қолмен жасалады. Бір талдауды толық зерттеп, қорытындысын шығару үшін бірнеше күн кетеді, — дейді ол.
Ал тағы бір лаборант Райгүл Үргешова бұл мәселе бойынша басшылыққа бірнеше рет жүгінгендерін айтты.
— Бізге «бұл қаулыда тек инфекционист дәрігерлер, медбикелер мен санитарлар қарастырылған» деп жауап береді. Ал біз қай санатқа жатамыз? Біз де сол науқастардан алынған материалдармен жұмыс істейміз ғой, — деді Райгүл Үргешова.

Ауруханада жалпы саны 290-ға жуық маман еңбек етеді. Оның 115-і ғана үстемеақы алып отыр. Ал 30-ға жуық қызметкер еңбегіміз ескеріліп, біз де осы санатқа қосылсақ деген пікірде.
Мекеме басшылығы бұл мәселеден хабардар. Алайда үстемеақы төлеу үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы тариф бекітіліп, қаржының мекеме бюджетіне түсуі қажет. Өйткені инфекциялық аурухана бірнеше жылдан бері қарызға батқан.
Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Құрбановтың айтуынша, тарифтің көтерілуі қарастырылып, тиісті құжаттарға қол қойылған.
— Қазіргі таңда тарифтің көтерілгенін көріп отырмыз. Құжаттар бізге жеткеннен кейін қызметкерлерге үстемеақыны қаңтар айынан бастап қайта есептеп ала алады, — деді ол.
Ал кәсіподақ өкілдері бұл мәселе тек Атырауға ғана емес, барлық аймаққа ортақ деп отыр. «Сенім» салалық кәсіптік одағының облыстық филиалының төрағасы Майра Қашкенованың сөзінше, денсаулық сақтау ұйымдары шаруашылық жүргізу құқығындағы мекеме болғандықтан, қосымша төлем мәселесін байқау кеңесі шешеді.
— МӘМС тарапынан төленетін қызметтердің тарифі өсті. Яғни, медициналық ұйымға түсетін қаржы көлемі де ұлғаяды. Егер мекеменің қаржылық мүмкіндігі болса, байқау кеңесінің шешімімен үстемеақы қарастырылады, — деп пікір білдірді Майра Қашкенова.
Денсаулық сақтау басқармасы лаборанттардың мәселесі жақын арада шешілетінін айтты. Алайда үстемеақының нақты қашан төленетіні әзірге шенеуніктерге де белгісіз.
Бұған дейін Qalqan платформасы арқылы медициналық қызмет сапасы мен қаржыландыру толық бақылауға алынатынын жазған едік.