Атыраудағы көпірлердің жағдайына жүргізушілердің көңілі толмайды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласындағы көпірлердің жағдайына жүргізушілер тарапынан айтылып жатқан сын көп. Әсіресе, Авангард және Тұрғындар қалашығы ықшам ауданын байланыстыратын, Абай көшесіндегі орталық және «Атырау» ықшам ауданы арқылы өтіп жатқан Ғаббас Берғалиев көшесіндегі көпірдің жағдайы адам аярлықтай. Жыл сайын ондағы шұңқырларды бітеп, жамап-жасқағанымен мәселе түбегейлі шешілер емес.
– Қазіргі уақытта Ғаббас Берғалиев көшесіндегі айналма көпірдің жағдайы мәз емес. Көлік ағыны – көп. Шұңқыр-тесіктен қашқанымызбен машинаның жүріс бөлігін бүлдіріп жатырмыз. Ауа-райы құбылып тұрған уақытта машинаны айдап отырған жүргізушілер жол көлік оқиғасына түсуі мүмкін. Жыл сайын көпірлердегі шұңқырларды бітейді. Жаңбыр немесе қар жауғаннан кейін сол шұңқыр қайта пайда болады. Көпірлердің техникалық жағдайына баға беріп, орташа немесе күрделі жөндеуден өткізу керек деп ойлаймын, - деді көлік жүргізушісі Ғаллам Уахитов.

Атырау қаласы әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, облыс орталығындағы көпірлерге әзірге орташа жөндеу жұмысын жүргізу жоспарда жоқ. Тек күн жылынғанда ойлы-шұңқырларды жамап жан бақпақ. Жолға жауапты мамандардың сөзінше, 3 жыл бұрын көпірлердің жағдайын зерделеу жұмысы жүргізілген. Мұндай тексеріс биыл да болмақ.
– 2023 жылы Атырау қаласының барлық көпірінің жай күйі бойынша техникалық зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде көпірлердің апатты жағдайда екені анықталған жоқ. Оң қорытындысы шықты. Ғаббас Берғалиев көшесінде орналасқан айналма көпірдің деформациялық тегістігі содан шыққан ақауға байланысты деформациялық шоптарын жыл сайын күтіп ұстап отырамыз. 2026 жылы күн жылынған уақытта міндетті түрде деформациялық шопты ашып, шығып тұрған темірлерін қайта қалпына келтіріп, бетін тегістеп, жабатын боламыз, - деді Атырау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Қуанышбек Қабдығали.
Жергілікті билік әлі күнге орталық көпірдің тағдырына нүкте қоя алмай келеді. Бұл көпір бұзыла ма, әлде күрделі жөндеуден өте ме, әзірге бұл сұраққа жауап жоқ. Орталық көпірдің мәселесін былтыр Қытайдан келген компания да зерделеп кеткен. Әкімдік тарапынан әлі күнге шешім қабылданған жоқ. Еске салайық, орталық көпір 1965 жылы салынған. Кейін бір рет күрделі жөндеуден өткен.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Атырау қаласында Жайық өзені арқылы өтіп жатқан 6 көпір бар.
Осыған дейін Павлодарда салынып жатқан жаңа көпірден өрт шыққанын хабарлаған едік.