Атыраудағы құрылыс алаңында 2 жұмысшы 5-қабаттан құлап, 1-еуі көз жұмды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атыраудағы құрылыс алаңында 2 адам 5-қабаттан құлап кетті. Оның 1-еуі оқиға орнында мерт болды.
Бұл деректі Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растады. Оқиға 20 қаңтарда болған.
– Күндізгі сағат 11:15 шамасында Атырау қаласында салынып жатқан тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында екі жұмысшы 5-қабаттан құлағаны анықталды. Оқыс оқиға орнында 43 жастағы ер адам ауыр жарақаттың салдарынан мерт болды. Ал 33 жастағы ер адам түрлі дене жарақатымен облыстық ауруханаға жеткізілді, -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қазір аталған оқиғаға байланысты сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қылмыстық іс қозғалды. Соған сәйкес кешенді тергеу амалдарын жүргізу басталды.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 45 жастағы әйел тұрғын үйдің 8-қабатынан құлап, мерт болғанын хабарлаған едік.