Атыраудағы «Мұнайшы» стадионын жаңғырту жұмысы 7,4 млрд теңгеге бағаланды
АТЫРАУ.KAZINFORM – Атырау қаласындағы «Мұнайшы» орталық стадионы жаңғыртылмақ. Бірнеше жылдан бері спортсүйер қауым стадионның стандарттарға сәйкес келмейтінін, бүгінгі жағдайы сын көтермейтінін айтып жүр.
«Қазіргі уақытта стадионды реконструкциядан өткізу үшін жобалық-сметалық құжат дайын. Мемлекеттік сараптамадан өтті. Жобаны іске асыру үшін мемлекеттік сатып алу порталына тендер жариялау мақсатында қажетті құжаттар дайындалып жатыр», - деп хабарлады Атырау облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы.
Әкімдіктің берген ақпаратына сүйенсек, жобалық сметалық құжат бойынша бұл жаңғырту жұмысы 7,4 млрд теңгеге бағаланып отыр. Құрылыс жұмысын келер жылы бастап, 2028 жылы аяқтау жоспарлануда. Жоспар бойынша стадион толық жаңартылады, оның ішінде футбол алаңы жаңа кейіпке еніп, көрермендерге арналған аумақ толықтай ауысады.
Айта кетейік, «Мұнайшы» стадионы 1950 жылы пайдалануға берілген. Соңғы рет толық реконструкциядан 2003 жылы, ал ағымдық жөндеуден 2023 жылы өткен болатын.
Еске салайық, осыған дейін спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосынов ел аумағына 14 жаңа стадион салу қажеттігін айтқан еді.