Атыраудағы облыстық перзентханада 100-ге жуық ана дауыс берді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облыстық перинаталдық орталығында әйелдер де бүгінгі сайлауға қатысып, өз таңдауын жасады. Медициналық мекеме аумағында орналасқан №22 жабық сайлау учаскесінде шамамен 100 –ге жуық әйел дауыс берді.
Комиссия мүшелері жансақтау және босану залында жатқан әйелдерге арнайы жәшік апарып, олардың дауысын жинады. Учаскеге келіп, дауыс бергендер аналар да бар. Олардың бірі - Исатай ауданының тұрғыны, көпбалалы ана Перизат Сапаева. Ол перинаталдық орталықта бесінші сәбиін дүниеге әкеліп, алты күннен бері ем алып жатыр.
- Бүгін – еліміз үшін маңызды күн. Осы перинаталдық орталықта бірінші рет дауыс беріп жатырмын. Балаларымыздың болашағы үшін таңдау жасадым,-деп пікір білдірді көпбалалы ана Перизат Сапаева.
Айта кетейік, қазір бұл орталықта 130-ға жуық әйел ем қабылдауда.
Бұған дейін Ұлытау облысында Құрылтай сайлауына дауыс беруші ұлар құсының бейнесінде келгенін жазған едік.