Атыраудағы шалғай ауылдың халқы спорт кешенінің құрылысын жандандыруды сұрайды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Құрманғазы ауданы Азғыр өңіріне қарасты Сүйіндік ауылында дене шынықтыру кешені ұзаққа созылған құрылыстардың біріне айналған. Бұған дейін жауаптылар нысанды өткен жылдың соңына дейін пайдалануға береміз деп уәде еткен. Алайда бүгінге дейін құрылыс жұмыстары толық аяқталмаған. 

Атыраудағы шалғай ауылдың халқы спорт кешенінің құрылысын жандандыруды сұрайды
Фото: видеодан алынған скрин

Қазіргі таңда нысан аумағын арам шөп басып, құрылыс материалдары шашылып жатыр. Сыртқы келбеті дайын болғанымен, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілмеген. Ауыл тұрғындарының айтуынша, 48 орындық спорт кешенінің құрылысы басталғанына үш жылдан асқан. Соған қарамастан, жастар әлі күнге дейін жаттығу үшін аудан орталығына қатынауға мәжбүр.

Сүйіндік ауылдық округінің тұрғыны Бақтыгерей Сейітхановтың сөзінше, нысанның уақтылы тапсырылмауы ауыл жастарының қалаға көшуіне әсер етіп отыр.

Атыраудағы шалғай ауылдың халқы спорт кешенінің құрылысын жандандыруды сұрайды
Фото: видеодан алынған скрин

– Осы үш-төрт жылдан бері спорт кешенінің құрылысы бітпей жатыр. Былтыр желтоқсанда тапсырылуы керек еді. Бірақ жұмыс аяқсыз қалды. Ауыл жастары қалаға кетіп жатыр. Себебі мұнда спортпен айналысатын да, жұмыс істейтін де орын жоқ. Қазіргі қарқынмен бұл нысанның биыл аяқталатынына сенім аз, - деп пікір білдірді ауыл үлкені.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, нысанның құрылысына «Номад Құрылыс Компаниясы» ЖШС жауапты. Жалпы құны 1 млрд 67 млн теңге болатын нысанның жобасы 2022 жылы дайындалған. Алайда құрылыс материалдарының қымбаттауы мен жобалық-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізу қажеттілігіне байланысты жұмыс уақытша тоқтап қалған.

Құрманғазы ауданы құрылыс бөлімінің мәліметіне сүйенсек, құрылыс-монтаждау жұмыстары 2023 жылдың 10 қазанында басталған. Бүгінде жобаға өзгерістер енгізу мәселесі қаралып жатыр.

– Қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттаманы түзетуге байланысты құрылыс тоқтап тұр. Бұған құрылыс материалдарының қымбаттауы және құжаттамада тасымалдау шығындарының ескерілмеуі себеп болды. Облыстық бюджеттік комиссияның қорытындысы күтілуде. Бүгінге дейін 405 млн теңге игерілді, - деп мәлімдеді аудандық құрылыс бөлімі.

Атыраудағы шалғай ауылдың халқы спорт кешенінің құрылысын жандандыруды сұрайды
Фото: видеодан алынған скрин

Белгілі болғандай, мердігерге қарастырылған қаржының жартысына жуығы ғана аударылған. Бұған дейін аудан әкімінің орынбасары мердігер мекеменің жұмысты баяу жүргізгенін атап өткен болатын. Қазіргі таңда құрылыстың қашан қайта басталатыны және нысанның нақты қашан пайдалануға берілетіні белгісіз.

Бұған дейін Құрманғазы ауданының орталығындағы стадионды жаңғырту жұмысы аяқсыз қалғанын, мердігер мекеменің жұмысты уақытылы орындамауы себеп болып отырғанын жазған едік.