Атыраудың Махамбет ауданында Жайық өзенінің жайылмасына су шықты

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының Махамбет ауданында Жайық өзенінің жайылмасына су шығып жатыр.

Атырау облысының жедел штабы
Фото: Атырау облысының жедел штабы

Атырау облысының жедел штабынан мәлім еткендей, бүгін Махамбет ауданындағы 17 учаскеге қарғын судың жайылғаны тіркеліп отыр.

«Махамбет ауданы әкімдігінің мәліметінше, жыл сайын су Жайық өзенінің жайылмасына 9 мамырдан бұрын келмейтін еді. Биыл қарғын су әдеттегіден екі апта бұрын келді. Қазір Жайық өзенінен Төлеп-Қарасу, Қоржын, Алмағамбет, Өлішығанақ, Гагушкин, Қызылжар, 15-ауыл, 13-ауыл, Петрушкин, 12-ауыл, 9-ауыл, Қарашығанақ, Кіші Қарашығанақ, 8-ауыл, Бақсай, Глухой және Сборный жайылмасына қарғын судың шыққаны тіркелді», - деп хабарлады облыстық штабтан.

Махамбет аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Олжас Мырзабаевтың мәліметіне сүйенсек, жеке иеліктегі малды шығару үшін 17 қауіпсіз аумақ белгіленген. 

Атырау облысының жедел штабы
Фото: Атырау облысының жедел штабы

«Біздің ауданда 50 мыңға жуық мал бар. Қауіпті аумақтарда көктемгі егіс жұмыстарымен айналысатын 46 шаруа қожалығының басшыларына алдын ала ескерту берілді. Қазір қауіпсіз айуақтарға 4 мыңнан астам мал айдалды. Қауіпсіз аумақтардың маршруты мен картасы ауылдық округ әкімдері, аудандық жер қатынастары бөлімі және ауыл ақсақалдарымен бірлесіп әзірленді», - деп мәлім етті Олжас Мырзабаев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысының БҚО-мен шекарадағы Бағырлай каналына мол су келгенін жазған едік.

Кейін Индер ауданында 7 мыңға жуық мал қауіпсіз аумаққа шығарылды.

Соңғы жаңалықтар