Атыраулық құтқарушылар шатыры өртенген үйден 82 жастағы әжені арқалап шығарды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласында көпқабатты тұрғын үйідің шатырында көлік шинасы өртенді. Жергілікті құтқарушылар үйден 45 тұрғынды эквакуациялады.

Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, оқиға бүгін, 21 қазанда болған.

«Бүгін таңертең Атырау қаласындағы 9 қабатты тұрғын үйдің шатырында автокөлік шинасы жанғаны туралы хабар түсті. Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер бір-бірімен үйлесімді әрекет етті. Құтқарушылар өрттің таралуына жол бермей, жедел сөндірді. Өрт сөндірушілер тұрғын үйден 45 адамды қауіпсіз жерге эвакуациялады. Оның ішінде кәмелетке толмаған 12 бала бар. Ал, 1942 жылы туған әжені таза ауаға арқалап шығарды», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Еске сала кетелік, бұған дейін 7 қазанда Каспий теңізінің жағалауындағы 5 гектар аумақта қамыс өртеніп жатқанын жазған едік.
Кейін Атыраудағы қамыс өртінен ауада ластаушы заттар шекті мөлшерден асқанын хабарлаған болатынбыз.