Атыраулық полицейлер дрондардың көмегімен қоғамдық бақылауды күшейтті
АСТАНА. KAZINFORM — Атырау облысында жыл басынан бері қараусыз мал кесірінен 33 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның ішінде 3 адам қаза тауып, 57 азамат түрлі дене жарақатын алды. Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізуді бастады. Бұл туралы ҚР ІІМ хабарлады.
Басты мақсат — азаматтарға қауіпсіздік шараларын естен шығармау керектігін түсіндіру және өз өмірін қорғауға бағытталған қарапайым ережелерді сақтаудың маңызын жеткізу.
Іс-шара барысында патрульдік полиция ротасының қызметкерлері қараусыз жүрген малды анықтау үшін дрон пайдаланып, тасжол бойындағы бақылауды күшейтіп жатыр.
Полицейлердің айтуынша, бұл әдіс малды нақты қадағалап, жол үстіндегі қауіптің алдын алуға мүмкіндік береді. Апаттардың алдын алу үшін бүгінде полиция қызметкерлері жасырын патрульдеу, дрон арқылы әуеден бақылау, жылдамдық өлшеу құрылғыларын пайдалану, сондай-ақ жүк көліктері мен автобустарды нысаналы тексеру сияқты кешенді шараларды қолға алды.
Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты — жолдағы тәртіпті күшейтіп, жүргізушілердің де, жаяу жүргіншілердің де қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
— Өңірде жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау мақсатында жол сақшылары тәулік бойы қызмет атқарып, жүргізушілер арасында түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеді. Соған қарамастан, жүргізушілер тарапынан жол ережелерін өрескел бұзу деректері әлі де кездесуде. Әсіресе жылдамдықты арттыру, қарсы бағытқа шығу, басып озу ережесін сақтамау және малды бағусыз жіберу — жол-көлік оқиғаларына тікелей әсер ететін негізгі факторлардың бірі. Биыл дрондарды пайдалану арқылы бірнеше қараусыз жүрген мал анықталды. Бұл бағыттағы бақылау жұмыстары одан әрі күшейтіледі, — деді Атырау облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Әбдіғани Сейдуалиев.
Айта кетейік, жыл басынан бері қараусыз мал кесірінен 33 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 3 адам қаза тауып, 57 азамат түрлі дене жарақатын алған. Сондықтан тәртіп сақшылары тұрғындардан жол ережесін бұзбауға, малды қараусыз қалдырмауға және жолдағы қауіпсіздікті сақтау мәселесіне барынша жауапкершілікпен қарауын сұрайды.
Айта кетейік, Атырауда құжаты жоқ 10 жасар бала полиция көмегімен мектепке қабылданды.