Атыраулық саяхатшы әлемдегі ең суық жерге сапарлады

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау қаласының тұрғыны Берік Есенғалиев адамдар тұратын әлемдегі ең суық жер саналатын Оймякон елдімекеніне барды. Ол қазір сол аумақта қыста барған алғашқы қазақстандық саяхатшы ретінде сапарлап жүр.

Берік Есенғалиев
Фото: Видеодан скрин

Қаңтардың ортасында Берік Есенғалиев жер шарындағы суық әрі құпияға толы өңірлердің бірі Якутияға жол тартты. Оның сапардағы басты мақсаты — солтүстік жартышардың «Суық полюсі» атанған Оймякон ауылын көру. Оймякон — жер бетіндегі ең суық мекен. Якутияның бұл аймағында қаңтар айында температура -50 градусты көрсетіп, кейде бұл температура бір аптаға созылады. Оймякон тарихындағы ең төменгі температура -71,2 градусты құраған. Суыққа төзімді якут халқы бұл аязға әбден үйренген.

Саяхатшының айтуынша, ол ұзақ уақыт бойы аңызға айналған Суық полюсін өз көзімен көруді, сол өңірдегі қатал тұрмыс жағдайын сезініп, саха халқының мәдениетімен жақын танысуды армандаған.

— Бұл сапар мен үшін жай ғана саяхат емес, өзімді сынауға, төзімділікті тексеруге және өзге халықтың өмір салтын тереңірек тануға мүмкіндік береді, — деді Берік Есенғалиев.

Якутияға жету жолы оңай болмаған. Берік әдейі құрлық арқылы сапарлауды таңдаған. 11 қаңтарда Атырау қаласынан шығып, Якутск қаласына 21 қаңтарда жеткен. Астанаға 1 күнді аялдаған уақытты қоспағанда, жолға 9 күн уақыт кеткен. Нақтырақ айтқанда, саяхатшы блогер Атырау — Астана — Петропавл — Новосібір — Тында — Нижний Бестях бағытымен пойызбен жүріп, Якутскіге көлікпен жеткен. 4 уақыт белдеуінен өту мен ұзақ жол ұйқы режиміне әсер еткенімен, саяхатшыны мақсатына жетуден тайдырмаған.

Саяхатшы ең суық елді мекенде солтүстік шұғыланы көрген. Сондай-ақ Лена өзенінің жағасындағы жартасқа, яғни 2800 метр биіктікте Қазақстанның туын ілді. Сол сәтті және сапарында кездескен түрлі адаммен сұхбатын, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігін таспалап, әлеуметтік желідегі парақшасына жариялап отыр.

— Көктемде Непалға сапарға шыққым келеді. Ол жақтан «жабайы» немесе «галлюциногенді бал», ағылшынша mad honey деп аталатын балды жинауды жоспарлап отырмын, — деді Берік Есенғалиев.

Атыраулық азамат сапар барысында кездескен азаматтарға Қазақстан туралы қызықты мәлімет айтып, елдің батысындағы әсер жерлерді көруге шақырып, елге туристер тартып жатыр.

Осыған дейін Қазақстанға шетелдік саяхатшылардың қызығушылығы 3 есе артқаны жөнінде жазған едік.

Соңғы жаңалықтар