Атыраулық шебер балық терісінен қобыз жасады
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атыраулық қолөнер шебері Нұрсұлтан Қалиев ұлттық аспап жасау өнеріне жаңашылдық енгізіп, қобыздың шанағын балық терісінен жасап шықты. Шебердің айтуынша, бұл идея өңірдің ерекшелігін ұлттық өнермен ұштастыру мақсатында туған.
Көп жылдық тәжірибесі бар шебер балық терісін өңдеудің күрделі процесс екенін айтады. Бүгінде ол қобыздың ерекше үнін шығару үшін тек жайынның терісін емес, басқа балықты да пайдаланып көрмек.
— Теріні тұздап қойдым. 10 шақты күн кептіріп, күннің, желдің астында қалмау керек. Көпшілік балық терісінен қалай дыбыс шығады таңғалып жатады. Балық терісі өте нәзік болғанымен, дұрыс өңделсе, аспап жасауға жарамды. Әсіресе жайын терісінің құрылымы өзгеше, қабығы болмағандықтан малдың терісіне ұқсас. Жұқа болса да берік келеді, — деді Нұрсұлтан Қалиев.
Шебердің айтуынша, табиғи материалды аспапқа бейімдеу үлкен төзім мен ұқыптылықтыталап етеді. Ол әрбір детальды бірнеше рет тәжірибеден өткізіп барып қолданады.
Ерекше технологиямен жасалған қобыз кәсіби музыканттардың да қызығушылығын тудырған. Қобызшы Динара Тілекқабылованың айтуынша, жаңа аспаптың үні ерекше қоңыр бояуға ие.
— Бұл қобыздың шанағы сиыр немесе түйе терісінен емес, балықтан, нақтырақ айтқанда жайын терісінен жасалған. Бұндай тәжірибе бұрын-соңды көп кездеспеген. Дыбысы қоңыр, күйге өте лайық аспап», — деді ол.
Мамандар мұндай жаңашылдық ұлттық аспап жасау өнерінде сирек кездесетін тәжірибе екенін айтады.
Нұрсұлтан Қалиев алдағы уақытта да дәстүрлі өнер мен заманауи ізденісті ұштастырып, қазақ қолөнерін жаңа қырынан дамытуға ниетті екенін жеткізді.
Бұған дейін атыраулық кәсіпкер демалыс кешенінде африкалық түйеқұстарды өсіретінін жазған едік.