Атырау–Орал жолы I техникалық санатқа қашан ауыстырылады

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл Атырау – Орал жолының 364 шақырым учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Көлік министрінің міндетін атқарушы Мақсат Қалиақпаровтың жауабында айтылған.

Атырау–Орал жолы I техникалық санатқа қашан ауыстырылады
Фото: freepik

– Барлық ірі инфрақұрылымдық жоба автожол саласын дамытудың үш жылдық жоспарында көзделген. Оларды іске асыру 2026-2028 жылдары халықаралық қаржы ұйымдары қаржысын тарта отырып, «толық аяқтаумен берілетін» қағидаты бойынша жоспарланған. Жоспар аясында Қызылорда – Жезқазған, Қызылорда – Ақтөбе, Бейнеу – Сексеуіл, Қарағанды – Жезқазған, Орталық – Батыс бағыттарын қоса алғанда, негізгі транзиттік дәліздерді салу және реконструкциялау жөніндегі жобаларды іске асыру, сондай-ақ Қызылорда, Сарыағаш және Рудный қалаларының айналма жолдарын салу жүзеге асырылады, - деді ол.

Оның атап өтуінше, Атырау – Орал жолын I техникалық санат параметрлеріне ауыстыру мәселесі қаржыландыру көздерін айқындай отырып, тиісті техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуді талап етеді және 2030 жылдан кейін автожол саласын дамыту жоспарын қалыптастыру кезінде белгіленген тәртіппен қаралады.

– 2026 жылы жалпы ұзындығы 364 шақырым учаскеде орташа жөндеу жобаларын іске асыру жоспарланған. Оның ішінде: – Атырау облысы бойынша – 184 шақырым (5-189 шақырым), болжамды құны - 24 млрд теңге; Батыс Қазақстан облысы бойынша - 180 шақырым (189-249 және 372-492 шақырым), болжамды құны – 23 млрд теңге. Учаскелердің бір бөлігі бойынша техникалық құжаттама мен конкурстық рәсімдер әзірленіп жатыр. Қаржыландыру Қазақстанның даму банкінің қаражаты есебінен қамтамасыз етілді, - деді Мақсат Қалиақпаров.

Айта кетейік, елімізде Жол қауіпсіздігі стратегиясы әзірленіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар
Референдум