Атқа мініп қылмыскерді құрықтайды: Өскеменде аттан түспейтін полицейлер жайлы
- Әңгімемізді туып-өскен жеріңізден бастасақ…
- 1984 жылы Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Маңырақ ауылында дүниеге келдім. Сондағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектепті тәмамдап, Өскемендегі Шығыс Қазақстан техникалық университетіне «Жол қозғалысын ұйымдастыру» мамандығы бойынша оқуға түстім. 2006 жылы қолыма диплом алдым. Сол жылы ішкі істер органына қабылданып, қаладағы мамандандырылған күзет басқармасында инспектор ретінде жұмысқа кірістім.
2012 жылы патрульдік полиция бөлімінде взвод командирі болып ауыстым. Ол жақта 4 жыл жұмыс істеген соң, кавалериялық бөлімше командирінің орынбасарлығына тағайындалдым. Міне содан бері осы уақытқа дейін табан аудармай қызмет етіп келемін.

- Атты полицейлердің міндеті қандай?
- Жер үйлерді, саяжайларды, көлік жүре алмайтын жерлерді патрульдейміз. Ұрлықтың болмауын қадағалап, жоғалған малды іздейміз. Жұмыс таңғы 07.00-де басталады. Саптық жиыннан соң 08.00-де Меновное ауылында орналасқан базаға келеміз. Бізде барлығы 10 ат бар. Әр сақшыға бір аттан бекітілген. Аттарға жем береміз, жуындырамыз, тараймыз.
Содан кейін жүйрікке мініп, жұмысқа кірісеміз. Пантон көпірі, Ахмер ауылы мен Телевышка ауданында жүреміз. Бұл жерлерде тек жеке тұрғын үйлер орналасқан. Сағат 9.00-16.00 аралығында тәртіпті күзетеміз.
- Көбінесе қандай қылмыстар тіркеліп жатады?
- Ішімдік ішіп жүретіндерді жиі байқаймыз. Бірден тоқтатып, патрульдік полицейлерге хабар береміз. Олар көлікпен айықтырғышқа алып кетеді. Әйтпесе атпен тасып жүрмейміз ғой (Күлді). Тұрғындар мал жоғалып кеткенін де айтады. Ылғи болмаса да тауып жатамыз. Із-түзсіз кеткен адамдарды іздейтін кездер болады.
Одан кейін құтқарушылармен бірлесіп, өрттің алдын алу шараларын жүргіземіз. Суға түсуге тыйым салынған жағажайларды да аралаймыз. Себебі мұндай жерлерге көлікпен жету мұң. Халыққа шомылуға болмайтынын айтып, түсіндіреміз. Ескертуімізге бәрі құлақ асады. Тыңдамай, қарсылық танытқандар болған емес.
Патрульдеу барысында тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдарға ұшырасып жатамыз. Қаңғыбастар біреудің саяжайына кіріп алғанды жақсы көреді. Аты-жөнін, құжаттарын сұраймыз. Егер базада жоқ болса, онда патрульдік полицейлерге салып жібереміз.
Ұрлық жасайтындарды да ұстаймыз. Олар иесіз қалған саяжайларға, иті жоқ жер үйлерге түседі. Айына кемі 1-2 ұры анықталады.
- Ұрыны қолға түсірген бір оқиғаны әңгімелеп берсеңіз…
- Шамамен 4 жыл бұрын болған оқиға. Әріптесіміз рациямен саяжайлардың бірінде күдікті адамның жүргенін айтып қалды. Лезде сол жерге қарай аттандық. Бізді көрген әлгі жігіт тұра қашты. Қуа кеттік. Бақшадан-бақшаға секірді. Тоқтайтын түрі жоқ. Екі сақшы атпен соңынан қалмай келеміз. Әйтеуір, көп ұзамай қолға түсірдік. Белгілі болғандай, ол саяжайға ұрлыққа түсіпті. Мас емес. Жас шамасы 30-35 аралығында.

- Азаннан кешке дейін аттың үстіндесіздер. Адам қызығарлық екен. Атқа мінгеннің пайдасы көп қой.
- Әрине. Сол үшін басқа жұмысқа ауысқымыз келмейді. Атқа жиі мінген адамның денсаулығы мықты, денесі шымыр болады. Бұл - талай аурудың емі. Оның үстіне саяжайларда қаланың қарбаласы жоқ. Таза ауа, мүлгіген тыныштық. Жаның жай табады. Зейнеткерлікке дейін осында қызмет ете бергім келеді.
- Жұмысқа жастар жиі келе ме?
- Бізге көбінесе аттың үстінде өскен ауыл балалары келеді. Бірақ жүйрікке міне алмайтындар да болады. Оларға үйретіп, ақыл-кеңесімізді аямаймыз. Жастарға үнемі «Төзімді болыңдар. Әрдайым сабырлық сақтаңдар. Заңды бүге-шігесіне дейін біліп, халықпен сөйлескенде сыпайы, мәдениетті болыңдар» деймін.
- Бала-шағаңыз бар ма?
- Әйелім екеуіміз 2 бала тәрбиелеп отырмыз. Ұлым 12-де, қызым 6-да. Жұбайым дәрігер болып жұмыс істейді. Кенжеміз «Өскенде әкем сияқты полицей боламын» дейді. Естігенде күлеміз. Әрине, өз таңдауы өзінде ғой. Қай салаға бет бұрса да қолдаймыз.
- Әңгімеңізге көп рахмет. Кәсіби мерекеңіз құтты болсын! Аттан түспеңіз!