Атлантикалық циклонның әсері: елімізде ауа райы тағы құбылады
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде кейінгі күндері табиғат тосын мінез танытып жатыр. Синоптиктер алдағы күндері де ауа райының құбылмалы болатынын ескертті.
Табиғаттағы мұндай құбылыстардың жиілеуіне не себеп? Сауалға «Қазгидромет» РМК Ұзақ мерзімді ауа райын болжау басқармасының басшысы Жұлдыз Исабекова жауап берді.
Басқарма басшысының айтуынша, қолайсыз ауа райы әзірге бәсеңдемейді. Алдағы күндері Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарында қатты жаңбыр, бұршақ жауып, екпінді жел тұруы ықтимал. Маман мұны Атлантикалық циклонның әсерімен байланыстырды.
– Бұл үрдіс шілде айының соңына дейін жалғасады. Жақында болған Павлодардағы желге қатысты айтар болсақ, ол аномальді құбылысқа жатпайды, – деді ол Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында.
Осындай жағдайда тұрғындарға алдын ала ескерту дер кезінде жіберіліп отырады.
– Бұдан бөлек, SMS хабарлама қолжетімді. Найзағай қауіпті болып есептеледі. Тұрғындар осыны ескеруі қажет, – деді маман.
Синоптиктердің болжамынша, аптап елдің оңтүстігінде тамыз айының басында да жалғасуы мүмкін. Ал батыс өңірлерде, керісінше, ауа температурасы біртіндеп төмендейді.
– Ең ыстық ай – шілде. Тамыз айының басында да елдің оңтүстігінде, шығысында ыстық сақталады. Ал батыста бәсеңдеп, ауа температурасы түседі, – деді спикер.
Айта кетейік, жақында Жапонияда ауа температурасы 40°C-ден асты.