Атом электр стансысын салу мәселесі кейінге қалдырылып отыр

АСТАНА. Ақпанның 23-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Атом электр стансысын салу мәселесі кейінге қалдырылып отыр. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Энергетика және минералдық ресурстар министрі Сауат Мыңбаев мәлім етті,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Маңғыстау облысы Ақтау қаласында Атом электр стансысын салу мәселесіне орай былтырғы бюджеттен тиісті қаражаттар бөлінген еді. Бірақ, біз сол қаражатты бюджетке қайтаруға мәжбүр болдық. Өйткені, қаражатты игеру үшін осы мәселе бойынша бастан-аяқ, түгел қамтылған құқықтық база қажет еді. Бұнда әсіресе Ресей Федерациясы тарапынан зияткерлік меншікті беру мүмкіндігі заң нормасында толық көрініс табуы қажет болатын. Қазақстан өз кезегінде қаражат бөлу туралы міндеттеме алды әрі оны орындады. Бірақ, техникалық құжаттамалар әзір болмады. Сондықтан да, ең бастысы зияткерлік меншіктерді беру туралы келісім болмағандықтан, біз бюджет қаражатын жұмсау мақсатсыз болар деп таптық», деді С. Мыңбаев. Оның айтуынша, министрлік алдағы уақытта да уранды дамытуға қатысты Қазақстанда жасалған келісімдердің іс жүзінде жүзеге асуын қамтамасыз етіп, 2030 жылға дейін атом энергетикасын дамытудың негізгі бағыттарын әзірлеуді жоспарлап отыр.
Соңғы жаңалықтар