«Атом стансасы салына ма?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 16 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 16 тамыз, бейсенбі күні шыққан өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Атом стансасы салына ма?» - республикалық басылымдарға шолу

***

Семей сынақ полигонының жабылуы елімізде азаматтық қоғамның дамуымен тікелей байланысты. Өйткені, полигон жұмысының тоқтатылуына атсалысқан «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы азаматтық қоғам аясында құрылған ең алғашқы үкіметтік емес ұйым болатын. Қазір қозғалыстың 18 мың мүшесі бар. Міне, биыл полигон атжалманның үні өшкеніне 21 жыл толып отыр. Халықаралық антиядролық қозғалыстың бүгіні мен болашағы жайлы оның вице-президенті, Семейдегі коммерциялық емес ұйымдардың президенті, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген энергетигі Сұлтан Картоев былай дейді: - Бүгінде бүкіл әлем Қазақстанның ядролық қарусыз жолын танып біліп әрі үйреніп жатыр. Егемендіктің алғашқы жыл­дарында-ақ Президент Нұрсұлтан На­зарбаев пен Қазақстан халқы қазіргі кезде ірі держава саналатын елдер жасай алмай отырған мәселеге Семей полигонын жабу арқылы қол жеткізді. Өрке­ниет­тің дамуына үлес қосып, адамзатты ядро­лық қатерден құтқарды. Адам баласының міндеті бейбіт өмірге ұмтылу екендігін дәлелдеп берді. Тіпті, сол кездері эко­но­ми­калық дағдарыста тұрғандығына қара­мас­тан, Қазақстан сынақтарды жалғас­ты­ру­дан бас тартты. Әлі есімде, «Невада-Семей» қозғалысының бастау алған жылдары болатын. Бізге ядролық сынақтарды жалғастыра беру үшін көп қаражат та ұсынылған кездер болды. Бірақ Қазақстан өз жолын таңдады. Осы ядролық қарусыздану мәселелері «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Қарусыздануды Қазақстаннан үйренсін» атты мақалада жазылған.

Жетісу жері кеше шадыман шаттыққа бөленді. Лондон төрін­де көк байрағымызды желбірет­кен ХХХ Жазғы Олимпиада ой­ын­дарының жеңімпаздары Зүл­фия Чиншанло, Майя Манеза және Светлана Подобедова мін­ген көліктер Алматы облысы аумағына кірісімен Кербұлақ, Көксу аудандары, Қапшағай, Тал­дықорған қалаларының тұрғын­да­ры зор ілтипатпен үлкен құр­мет көрсетті. Облыс орталығына кірер қақпада аз-кем аялдаған чемпиондарға қазақы дәстүрмен шашу шашылып, жыр төгілді. Содан соң орталық стадионда ХХХ Жазғы Олимпиада ой­ын­дарының жеңімпаздарына құр­мет көрсету салтанаты басталды. Атап айтқанда, чемпион қыздарға көрсетілген құрмет жайында  «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Алтын алған арулар алғыстан алқа тақты» атты тақырыппен жарық көрді.

                                                                                        
***

«Айқын» басылымының жазуынша, Қазақстанда атом стансасын салу-салмау мәселесі бойынша референдум өткізу қажет! Мұндай мәлімдемені кеше отандық және шетелдік журналистермен кездескен «Қазатомөнеркәсіп» басқарма төрағасы Владимир Школьник жасады. Ол маман ретінде «Қазақстанның АЭС-ке қол жеткізуге құқығы да, тәжірибесі де бар» деген пікірде. Бірақ ұлттық атом компаниясы басшысының айтуынша, еліміз атом стансасынсыз-ақ өмір сүре алады.  Бұл мәселе төңірегінде «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Атом стансасы салына ма?» атты мақаладан оқыңыздар.

Сондай-ақ осы басылым бетінде «Құлдық дәуірдің қайта келгені ме?» атты тақырыпта мақала жарияланған. Онда ХХІ ғасырда құл иеленудің жаңа түрі пайда болғаны айтылған. Қазіргі замандағы адамдарды құлдыққа сату формасы еңбек миграциясымен тығыз байланыста. Бүгінде жүмыс іздеп шетелдерге шыққан немесе ауылдық жерлерден қалаларға баратын еңбек мигранттары миллиондап саналады. Адамдар жақсы өмірді іздеп, бір елден екінші елге эмиграция жасауы  - баяғыдан келе жатқан дәстүр. Алайда «әлем адамы» деген түсінік дәл қазіргі жһандану кезінде пайда болды.

***

«Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында «Итбалық түңілген тірлік бұл...» атты мақала жариялап, көкейкесті мәселе көтерді. Басылымның жазуынша, адам айтса нанғысыз: өткен ғасырдың басында Каспий теңізін мекендеген миллионнан астам итбалықтан бүгінде қалғаны 5000-ға әзер жетеді. Ал теңіздің қазақстандық бөлігіндегі саны  - 400 ғана. Осы «400-дің» өзі жыл сайын індетке тап болады. Және оның себептері зерттеліп-зерделенсе де, ауыз толтырып айтар қорытындыға кезіге қоюыңыз қиын. Жанары жәудіреген теңіз жануарының ажалын жергілікті жұрт экология талаптарына атүсті қараған мұнай компанияларынан көреді. Компаниядағылар болса ақталып әлек.