«Аты-жөнді ұлттық үлгіде реттеп алайық» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 11 ақпан, сейсенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Аты-жөнді ұлттық үлгіде реттеп алайық» -  баспасөзге шолу

***

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Бәрі тәрбиеден басталады» деген көлемді мақала жарияланды. Қазіргі таңда жастар арасында орын алған қылмыстың алдын алу өзекті мәселеге айналып отыр. Жасөспірімдер арасындағы қылмыс қашанда ұлттық қауіпсіздігімізге, ел болашағына қауіп төндірері сөзсіз. Демек, өсіп келе жатқан ұрпақтың қылмыстың бұралаң жолдарын таңдауы дәуір қасіреті. «Ал бүгінгі ұрпақ тәрбиесі қандай?! Ата-аналарымыз бала тәрбиесіне толыққанды уақыт бөліп, олардың немен шұғылданатынына назар аудара ма? Әрине, бірден жауап беру - өте күрделі мәселе. Жасөспірімдердің бойынан психологиялық ашушаңдығын, үлкендерге еліктеуін және қақтығыс жағдайларға бейімділігі сынды бірқатар ерекшеліктерді көруге болады. Әрі жасөспірімдердің көп бөлігінің жұмыс істемейтіндігі, уақытын бос өткізетіндігі және оқу жағдайының жоқтығы олардың қылмыс жасауына жиі түрткі болады», - деп жазады мақала авторы.

Бас басылымның жазуынша, Қазақстанның ірі университеті - әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ге тұрақты даму бойынша «United Nation Academic Impact» (БҰҰ Академиялық ықпал) жаһандық хабын басқару сеніп тапсырылып отыр. Бұл ресми шешім БҰҰ штаб-пәтерінен келіп түсті. Абыройлы халықаралық құрылым ҚазҰУ-дің білім мен ғылымның көшбасшысы екенін дәлелдей түсті. Бұл туралы «Бас ұйым бағдарламасының үздігі» атты мақаладан оқи аласыздар.

***

«Айқын» басылымында «Аты-жөнді ұлттық үлгіде реттеп алайық» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. «Жалпы, қазақ мемлекетінің атауына қатысты мәселені ақиқатында 1 мамыр күні «татулық пен бірлік күні» қарсаңында өтетін Қазақстан халқы ассамблеясының күн тәртібіне құрғатпай енгізіп жіберу керек. Күйіп тұрған жай ешкімге жайсыз тимейді. Ассамблея мен Парламентте Қазақстанды мекен еткен әр диаспораның өкілі отыр. Бұл бастаманы Ассамблея мүшелері Президент айтқан соң, сөзсіз құптайды. Біз қазақ санасында 20 жылдан бері жаңғырып келе жатқан нәрсені Ассамблея мүшелері арқылы осылай оңай жүзеге асыра аламыз», - деп жазады мақала авторы. Ұлтқа қатысты әңгіме қозғалғанда, тәуелсіздік алғалы бері орындалмай келе жатқан тағы бір мәселені айта кеткеніміз жөн болар. Ол - аты-жөнді жазудағы ала-құлалық. Осы уақытқа дейін әр түрлі нұсқада жазылып, туу туралы және жеке куәлікте ататекті жазуда ретсіздік көп. Дәл қазіргі кезде Президент мемлекет атауына қатысты мәселені халық талқысына ұсынған сәтте аты-жөндегі ала-құлалықты да бір ретке келтіріп алуымыз керек. Ал оны қалай жүзеге асыру керек?

Осы басылымның жазуынша, 2017 жылға қарай Қазақстанда ішкі әуе қатынастарының санын 50 пайызға, халықаралық авиамаршруттарды 1,5 есе арттыру, 2018 жылға қарай барлық облыс орталықтарында ұшу-қону жолақтарының реконструкциясын 100 пайызға аяқтау, жолаушылар ағынын 2020 жылға қарай 70 пайызға, ал транзиттік рейстерді сол уақытқа қарай екі есе арттыру жоспарлануда. Бұл жайында «Азаматтық авиация алға басады» деген мақаладан берілген.

***

«Ана тілі» басылымының соңғы санында «Теміржолдағылар неге Таразды жақтырмай жүр?» деген мақала жарияланды. «Таяуда Тараз қаласына жолымыз түсті. Пойызбен бардық. Тілге тиек етпегіміз, бұл шаһарға қандай шаруамен барғанымыз емес. Бар гәп пойыздың билетінде, нақтырақ айтсақ, сонда жазылған қаланың атауында болып тұр. Біз Таразға билет алдық па десек, жол жүру құжатында «Джамбул» деп жазылыпты. «Бұл қалай? - дейміз. - Жамбыл қаласының Тараз атын иемденгеніне пәленбай жыл болды емес пе?» Есімізге осыдан бір жарым жыл бұрын дәл осы мәселеге байланысты «Ана тілі» газетінде жарияланған «Теміржолдағы жолсыздықтар» (№29, 19-25 шілде 2012 жыл) деген мақала түсті. Сонда билеттегі жазуға таңырқап «Джамбулы несі?» деп дабыл қаққанбыз», - деп жазады мақала авторы.

Осы басылымда «Жат жұртта жабырқайды жас бала...» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Өкініштісі сол, еліміздің бала сүю бақытынан айырылған 15 пайыз отбасылары тастанды балаларды асырап алуға құлықсыз. Елімізде 40 мыңға жуық, турасы 38 386 жетім бала бар. Оның 14 052-сі интернатта, 11 612-сі білім беру ұйымдарында, денсаулығы нашар 1 586 бала денсаулық сақтау мекемесінде, 854 бала әлеуметтік қорғауда, 22 мың бала мемлекеттің қамқорлығында тәрбиеленуде. «Мемлекет олардың жақсы өмір сүруі үшін барынша жағдай жасауда. Киімдері көк, тамақтары тоқ. Десек те, бұл өмірде ананың ақ сүті мен мейіріміне жететін не бар? Ананың ыстық алақанына ештеңе де тең келмейді. Ал осы аялы алақанды сезбей өскен баладан қандай мейірімділікті, ізгілікті күтеміз? Отбасы қоғамның негізгі бөлшегі болып табылады», - деп жазады газет.