«Atyrau Chess Festival» халықаралық шахмат фестивалінің жеңімпаздары анықталды
«Бүгінгі сайысқа қатысқан жастарымыздың келешекте ел намысын абыроймен қорғайтын атақты гроссмейстерлер қатарынан табыларына сенемін. «Atyrau Chess Festival» секілді турнирлерден атыраулық жастарды жиі көреміз деген үміттеміз. Бұл шара саламатты өмір салтын ұстанатын баршаның мерекесіне айналды. Енді «Atyrau Chess Festival» халықаралық фестивалі дәстүрлі түрде ұйымдастырылады « , - деді облыс әкімі Серік Шәпкенов.
Халықаралық шахмат фестиваліне 9 елден 300-ден астам спортшы қатысты.
«Бұл қызықты әрі тартысты өткен сегіз күнге созылған фестиваль болды. Фестивальға қатысушыларға, шахмат жанкүйерлеріне алғысым шексіз. Сіздер осындай турнир арқылы шеберлік шыңдады деген сенімдемін», - деді әлем чемпионы Динара Сәдуақасова.
«Atyrau Chess Festival» турнирінің қорытындысымен әйелдер арасында Екатерина Борисова I орынды иеленді. Ал, Назерке Нұрғали ІІ орынды, Алуа Нұрланова ІІІ орынды еншіледі.
Ерлер арасынан Тимур Гареев І орын алып, жеңіс тұғырынан көрінді. II орын Арсений Нестеровке бұйырды. Сергей Тивяков ІІІ орынды місе тұтты.
Сонымен қатар, аймақ басшысы доданың ең үлкен қатысушылары 81 жастағы Ағаша Бөкенбай мен 64 жастағы Таппатқан Қабышеваға 250 мың теңгенің сертификатын табыстап, шхматта есе жібермеген ардагер спортшыларға құрмет көрсетті.
Қазақстан-Британ Техникалық университетінің өкілі Клара Мұқашкереева аталған оқу ордасының білім грантын Шеруен Батырхан мен Абзал Әмірәліге тапсырды.
Атырау қаласының әкімі Мейірім Қалауи «Atyrau Chess Festival» халықаралық турнирінің ең жас қатысушысы 4 жасар Қайрат Абдул-Мәлікке 200 мың теңгенің сертификатын ұсынды.
Шарада «Atyrau Juniors» турнирінің қатысушылары жас ерекшелігі бойынша марапатталды.