Атырау демографиясында дағдарыс жоқ, дүмпу бар - баспасөзге шолу
***
Елбасымыздың биылғы Жолдауы халықаралық қоғамдастықтың назарын аударып отыр. Осы орайда бүгін «Егемен Қазақстан» басылымы оқырмандардың назарына Қазақстан Республикасының Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ел халқына арнаған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауына алдымен үн қосқан бірқатар әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының пікірлерінен құрастырылған топтаманы ұсынған.
«Елбасы Жолдауы әлемдік БАҚ беттерінде» атты тақырыппен жарияланған топтамада негізінен ресейлік БАҚ-тың аса қызығушылық танытқандарын айта кеткен жөн.
«Айқын» басылымының басты бетінде жарияланған «Ұлы даланың тарихы қашалған «Мәңгі тас» атты бас мақалада Астанада Моңғолияның «Шивээт улаан» ғұрыптық кешенінен табылған «Мәңгі тас» ескерткішінің ғылыми жаңғыртылған көшірмесінің таныстырылғаны туралы xабарлануда.
Газеттің жазуынша, ескерткіштің Астанаға орнатылуына Түркі академиясы халықаралық ұйымы ұйытқы болды.
«Күні бүгінге дейін «Мәңгі тасқа» қатысты ғылыми-зерттеулер еш жерде жарияланған емес. Түркі академиясының ғалымдары Моңғолияға ғылыми сапарлары барысында елімізге көне түркі тайпалары мен бірлестіктерінің таңбасы бәдізделген ұстынтастың эстампажын алып келді. Сөйтіп, қысқа уақыт аралығында эстампажды қалпына келтіріліп, ғылыми көшірмесін дайындады. Тап қазір Түркі академиясының ғалымдары «Мәңгі тастағы» таңбаларды зерттеп, олардың қай тайпаларға тиесілі екенін анықтап жатыр», делінген мақалада.
Ежелгі Өтүкен алқабында орналасқан «Шивээт улаан» ғұрыптық кешені көптеген этносаяси одақтарды бір шаңырақтың астына біріктіріп, Шығыс Түрік қағанатының негізін салған Елтеріс Құтлық қағанның құрметіне 693 жылы орнатылған. Көкшіл түсті жанартау жынысты тұнбатастан жасалған ескерткіштің биіктігі - 2,24 метр, ені - 0,82 м, қалыңдығы - 0,24 метр. Кешеннің шығыс кіреберісіне көне түркілердің іргелі ру-тайпаларының таңбалары қашалған ұстынтас пен төртбұрышты тұғыр қойылған. Ұстынтастың тегіс бетіне 60-қа жуық тайпаның және тайпалық одақтардың таңбалары бәдізделген. Бұлардың арасында қырғыз, ұйғыр, қарлұқ, қыпшақ, хазар, авшар сынды ірі ру-тайпалардың таңбалары бар.
Сонымен қатар «Айқын» басылымының бүгінгі нөмірінде Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанмен болған сұxбат жарияланды.
Газет әкімнің орынбасарымен әңгімеде Атыраудың әлеуметтік тынысын сөз еткен. Атқарылған жұмыстармен қатар, шешімін күтіп тұрған өзекті мәселелер де назардан тыс қалмады.
Сұxбат барысында әкім орынбасары шетелдерден көшіп келген қандастарымыздың географиялық орналасуына жіті мән берген.
«Көштің басы демографиялық өсімі төмен солтүстік өңірлерге бұрылуда. Әрине, Атыраудың демографиясында дағдарыс жоқ, дүмпу бар. Туу көрсеткіші бойынша, Атырау - Оңтүстік Қазақстан мен Маңғыстау облыстарынан кейінгі үшінші орында. Дегенмен, Атырау облысы Ресейдің Астрахань өңірімен шектеседі. Ата қоныс. Бөкей хан, Сейтек пен Құрманғазы аталарымыз жатыр. Астрахань облысында шамамен екі жүз мыңдай қандасымыз тұрады. Атырау облысы әкімінің өзі де Астрахань облысында дүниеге келген. Қызылжар, Володар, Құмөзек, Икрян, Қарабайлы аудандарда қазақтардың саны басым. Қызылжар, Володар, Икрян аудандарын қазақтар басқарып отырғанын айта кеткен жөн. Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов «Елім деп келіп жатқан жұртқа, «біз қабылдай алмаймыз» деп қалай айтамыз?» деп, Атырау көш тоқтар өңірлер тізіміне енді. Елбасы заң жобасына қол қойды. Үкімет квота бекітеді. Жұмыс заңнамада белгіленген тәртіп бойынша жүреді», - дейді Ш. Мұқан.
Сұxбат «Шыңғыс МҰҚАН: Атырау демографиясында дағдарыс жоқ, дүмпу бар» деген тақырыппен жарияланып отыр.
Есеп комитетінің қызметкерлеріне «Қазақфильм» АҚ-ның жұмысы ұнамай отыр, деп жазады «Экспресс К» «Или хорошо снимайте, или вас плохо снимут» атты мақалада.
Ведомствоның жазуынша, киностудияда түсірілген картиналар кіріс әкелмеуде, киногерлердің өздері де ақша табуға икемсіз.
«Консервацияда екі фильм тұр, оған кезінде 981 млн. теңге бөлініп еді», - дейді Есеп комитетінің мүшесі Жансейіт Сәрсенқұлов.
«Оның үстіне үш фильм бойынша мемлекеттік тапсырыс жасалмаған, тағы жеті кино сол беті түсірілмеген».
Комитеттің пікірінше, Мәдениет және спорт министрлігі отандық фильмдерді жарнамалай алмай отыр, соның кесірінен кинозалдарға адам толмайды. 2013-2014 жылдары сатылымнан шығынның небәрі 2,1 пайызы қайтып келген.