Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарында «Ауылдық жерлердегі әйелдер үшін шағын бизнес» жобасы жүзеге асырылуда

АЛМАТЫ. 24 қазан. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның белсенді қарыз алушылардың 31 пайызын әйелдер құрауда. Қордың даму стратегиясына сәйкес, 2014 жылға қарай әйелдердің несие бағдарламаларға қатысуын 42 пайызға дейін көтеру жоспарлануда.

Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарында «Ауылдық жерлердегі әйелдер үшін шағын бизнес» жобасы жүзеге асырылуда

Бұл бағытта қор қазан айынан бастап Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарының 20 ауданында «Ауыл жерлердегі әйелдер үшін шағын бизнес» жобасын жүзеге асыруға кірісті.Ол қордың әйелдердің бизнес-бастамаларын қолдау бойынша бірінші жобасы емес. 2011 жылы осындай бағдарламаны қордың тапсырысы бойынша «Қазақстан іскер әйелдері одағы» қауымдастығы жүзеге асырған болатын.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, жоба бойынша оқыту семинарларында кәсіби жаттықтырушылар қатысушыларға «Салам» және «Мурабаха» несие өнімдері бойынша ақпарат береді. Бұл - Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Ислам даму банкімен жасалынған қарыз беру туралы келісімнің шеңберінде ұсынылатын бағдарламалар. Келісімде көрсетілген міндетті шарттарының бірі - қорға ауылдық шағын несиелеуге берілетін соманың тең жартысы әйелдер жүзеге асыратын жобаларға жұмсалу керек. Жалпы Ислам даму банкінен 2012-2014 жылдары 10 миллион доллар тартылмақ. Жобаға 2 облыстан 400-ге жуық әйелдердің қатысуы жоспарланған. Орта есеппен, әр ауданда өтетін тренингке өз ісін бастаған және жұмыс істеп келе жатқан 18 кәсіпкерге дейін қатыса алады. Жақын болашақта бағдарлама аясын 160 ауданға дейін кеңейту жоспарлануда.