Атырау облыстық мәслихатының депутаттары Б. Ізмұхамбетовтің кандидатурасына бірауыздан дауыс берді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Атырауда облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтті. Депутаттар Мемлекет басшысының облыс әкімі ретінде Бақытқожа Ізмұхамбетовті қайта тағайындау туралы ұсынысын қарады.

Атырау облыстық мәслихатының депутаттары Б. Ізмұхамбетовтің кандидатурасына бірауыздан дауыс берді

«Өткен сайлаудағы халықтың ағылып дауыс беріп, Нұрсұлтан Назарбаевты бір ауыздан қолдауы қазақстандықтардың бір сенімде екендіктерін, елде болып жатқан реформаларды бірлесіп алға жылжыту ниеттерін паш еткендей. Қазір өңір басшысы ретінде Бақытқожа Ізмұхамбетовті қайта тағайындау ұсынысымен келісуіміз қажет деп санаймын. Біз бір команда ретінде Президент алға қойған барлық міндеттерді іске асыратынымызға сенімдімін», - деп мәлімдеді мәслихат депутаты Александр Думлер.

Барлық 27 депутат бірауыздан Мемлекет басшысының Б. Ізмұхамбетовті Атырау облысының әкімі етіп тағайындау ұсынысын қолдады.

Ізмұхамбетов депутаттарға сенім білдіргені үшін алғыс айтып, облыста өнеркәсіптік бойынша да, ауыл шаруашылығы бойынша да жаңа жобалар іске асырылып жатқанына тоқталды. Өңдеуші секторға баса мән берілмек, бұл бірнеше жылда облыстың толық азық-түліктік тәуелсіздікке қол жеткізуіне мүмкіндік береді.

Бақытқожа Ізмұхамбетов 1948 жылы 1 қыркүйекте дүниеге келді.

Уфа мұнай институтын бітірген. 1973-1983 жылдары - «Қазмұнайгазбарлау» басқармасының аға инженері, техникалық мөлшерлеу және еңбекті ғылыми ұйымдастыру отрядының бастығы, зертхана меңгерушісі, бөлім меңгерушісі, Қазақ геологиялық барлау ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары. 1983-1987 жылдары - Кеңес Одағының Йемендегі мұнай барлау экспедициясының аға инженері. 1987-1991 жылдары - Қазақ геологиялық барлау ғылыми-зерттеу институтының зертхана меңгерушісі, Атырау тәжірибелік-әдістемелік экспедициясының бас технологы, бастығы. 1991-1993 жылдары - Қазақстан Республикасы Геология және жер қойнауын қорғау министрлігі терең ұңғымаларды игеру және бұрғылау технологиялары бөлімінің бастығы, Мұнай және газ басқармасының бастығы. 1993-2003 жылдары - «ҚазақТүрікМұнай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі біріккен кәсіпорынының бас директоры, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» жабық акционерлік қоғамының теңіз жобалары жөніндегі атқарушы директоры, «Қазмұнайтеңіз» теңіз мұнай компаниясы» жабық акционерлік қоғамының бас директоры, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» жабық акционерлік қоғамының біріккен кәсіпорын үлестерін басқару жөніндегі басқарушы директоры. 2003-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Энергетика және минералды ресурстар бірінші вице-министрі, министрі қызметтерін атқарған. 2007 жылғы тамыздан 2012 жылғы қаңтарға дейін Батыс Қазақстан облысының әкімі. 2012 жылғы қаңтардан тамыз айына дейін ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары. Қазіргі қызметінде 2012 жылғы тамыздан бері. Техника ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Минералдық ресурстар академиясының, Халықаралық минералдық ресурстар академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстан республикасы Инженерлік академиясының академигі.

«Құрмет» орденімен марапатталған.