«Атырау» облыстық волейбол командасының басшысы тұтқындалды, саланың басқарма бастығы бой тасалауда - Қаржы полициясы

Бұл туралы ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің баспасөз қызметінен мәлім етті.
Бұған дейін хабарланғандай, бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша Атырау облысының Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының бастығы Жанкеевке және «Атырау» облыстық волейбол командасының басшылығына қатысты қылмыстық істі тергеу үстінде.
Атырау облысының Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының бастығы Берік Жанкеев, «Атырау» облыстық волейбол командасының директоры Жеңісбек Мұханбетжанов, команданың бухгалтері Светлана Харькина және команданың бас тренері Александр Запевалов 2008-2012 жылдары команданың оқу-жаттығу жиындары үшін шетелдік іссапарларға бөлінген 253 млн.теңге көлеміндегі бюджет қаражатын ұрлағандығы тергеумен анықталды.
2013 жылғы 25 мамырда Жанкеев пен оның сыбайластарына қатысты ұйымдасқан қылмыстық топты құру және оның қызметіне қатысу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Бүгінгі күні волейбол командасының директоры Мұханбетжанов және команданың бапкері Запевалов қамауда, Жанкеев тергеу органдарынан жасырынып жүр. Оны іздеуге жариялау жөнінде мәселе шешілуде.