Атырау облысы Бейбарыс ауылында жаңа амбулатория ашылды

Амбулаторияда дәрігер және орташа медициналық 12 персонал жұмыс істейді. Қазір ауыл тұрғындары Махамбетке немесе облыс орталығына барып әуре болмайды, денсаулықтарына байланысты көп мәселені өз ауылдарында-ақ шешеді.
«Облыста соңғы жылдары ауылдық денсаулық сақтауды дамытуға жеткілікті назар аударылуда. Тек Махамбет ауданының өзінде бұл 4-ші дәрігерлік амбулатория. Соңғы жылдары облыста салынғандарының саны - барлығы 22. Қыркүйекте Геолог кентінде 100 адамдық ауылдық емхана ашылады. Күрделі жөндеуден кейін облыстық перзентхана перианталдық орталық болып қайта бейінделеді. Сонымен бірге бізде фармацевтикалық зауыт салынуда, ол Қазақстан шетелден сатып алып жатқан дәрі-дәрмектерді шығаратын болады», - деп хабарлады амбулаторияның ашылу рәсімінде облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Өңір басшысы ауыл тұрғындарын хабардар еткендей, облыс ауылдары дамып келеді, әлеуметтік нысандар көптеп салынуда. Бейбарыста жаңа балабақша, мектеп салынғаны бұған мысал бола алады, үйлерге ауызсу жіберіліп, жол жөнделді, жол құрылысы әлі де жалғасуда.
«Ауыл гүлденіп, көшелер тазартылса, үйлер сәнді көрінсе, бұл үлкен жетістік. Кент тұрғындары да қалалықтардан кем тұрмайтынын айтқым келеді», - деді Б. Ізмұхамбетов.
Аға дәрігер Мақсат Бижанов айтып өткендей, бұдан бұрын амбулатория совхоз кеңсесі, одан кейін балабақша орналасқан ғимаратта болды. Енді Бейбарыста дәрігерге дейінгі және дәрігерлік көмек көрсету мүмкіндігі бар. Амбулаторияда екі кереуеттік күндізгі стационар мен өз дәріханасы бар. Физиокабинет те заманауи жабдықталған. Онда ультражоғары жиілік аппараты, ингалятор, ультрадыбысты аппарат орнатылған.