12:41, 26 Қаңтар 2009 | GMT +5
Атырау облысы: халық санағына әзірлік аяқталды
АТЫРАУ. Қаңтардың 26-сы. ҚазАқпарат /Андрей Соколов/ - Атырау облысы алдағы халық санағына толық дайын. Осы шара қарсаңында қандай істердің атқарылғаны және алда қандай міндеттердің күтіп тұрғаны туралы ҚазАқпарат тілшісі Атырау облыстық статистика департаменті бастығының орынбасары Ғалия Мұханғалиевадан сұхбат алды.

- Санақ жұмысы табысты жүргізілуінің негізін, әдетте, дайындық жұмыстары құрайды. Сіздерде әзірлік жұмыстары қалай жүргізілді? Қандай нәтижелерге қол жеткізілді? - Бірінші кезеңдегі негізгі жұмыс - қаладағы және елді мекендердегі барлық үйлердің тізімдерін жасау болды. Бұл жұмысқа облыста 231 регистратор жұмылдырылды. Бүгінгі күнгі жағдай бойынша, олардың жұмыстары табысты аяқталды. Барлығы 66 009 тұрғын үй тіркелді. Бізде сонымен бірге,
облыс халқының саны бойынша алдын-ала мәліметтер де бар, атап айтқанда, облыста 488 733 адам тұрады, оның 267 259-ы ? ауылдық жерлердің тұрғындары. Бірақ та, бұл алдын-ала мәліметтер, олар санақ күні нақтыланатын болады. Үйлердің тізімдерін жасағаннан кейін бір ауылдық елді мекендерді типтері және халық саны бойынша топтастардық. Санақ күні бізге қажет болатын адамдардың қажетті санын есептеп шығардық.
- Сонымен, халық санағына Атырау облысында қанша адам тартылады? - Санақ жүргізуді ұйымдастыруды бекітілген жинақ жоспары негізінде, облыс бойынша санақшы кадрларға деген қажеттілік төмендегідей: 1717 санақшы, 423 нұсқаушы-бақылаушы, 52 санақ бөлімінің меңгерушісі. Сондай-ақ ауруханаларда, жатақханаларда, қонақүйлер мен басқа да қоғамдық орындарда 3 нұсқаулық учаске мен 71 санақ учаскесі ашылатын болады.
- Санақты кімдер жүргізеді? Кадрларды қайдан алдыңыздар? - Санақты кадрларымыз жоғары оқу орындарының, қоғамдық ұйымдардың, жергілікті өзін-өзі басқару комитеттерінің, пәтер иелері кооперативтерінің өкілдері қатарынан тартылып отыр. Санақшылардың қатарында жұмыссыз адамдардың да аз болмайтынын айта аламын. Ол адамдар жалақы алады. Қаңтардың 5-інен бастап санақ бөлімдерінің меңгерушілері жұмыстарына кірісті. Олардың міндеттері нұсқаушы-бақылаушыларды, санақшыларды халық санағын жүргізудің ретіне үйрету, құжаттарды дұрыс толтыруды көрсету болып табылады. Нұсқаушы-бақылаушылар жұмысқа - ақпанның 2-сінде, санақшылар ақпанның 16-сында кіріседі. - Мұншалықты адамның жұмысын ұйымдастыру үшін орын-жайлар қажет. Осы мәселеге тоқталып өтсеңіз? - Орын-жаймен проблема жоқ. Бүгінгі күнгі жағдай бойынша, облыстағы барлық санақ бөлімдері 100 пайызға жаймен қамтамасыз етілген, кеңсе жиһаздарымен, техникалармен, байланыс құралдарымен жарақталған. Атырау облысында жеті аудандық статистика бөлімі жаңа автокөліктердің кілттерін алды. «ВАЗ-21214» көліктерінің кілттерін оларға облыс әкімінің бірінші орынбасары, халық санағын жүргізуге қолдау көрсету жөніндегі облыстық комиссияның төрағасы Болат Дәукенов табыс етті. Санақ күндері бұл көліктер алыс ауылдар мен қыстауларға баруға пайдаланылатын болады. Жұмысқа қажетті тағы бірнеше көлікті жергілікті атқарушы органдар санақ басталғанша бөлуге уәде етіп отыр.
- Біздің облысымызда шетелдік азаматтар аз жұмыс істемейді. Санақ оларды қамтиды ма? - 2009 жылғы санақ Қазақстанның барлық азаматтарын, сондай-ақ санақ кезінде біздің облысымызда жүріп-тұрған шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ тұлғаларды да қамтитын болады.
Басқа облыстарда да солай.