Атырау облысына бұдан былай сырттан электр энергиясы енгізілмейді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Атырау ЖЭО-сында қуаттылығы 10 мегаваттық жаңа турбина қолданысқа берілді. Енді аймақ электр энергиясын сырттан жеткізушілерден толық тәуелсіз болып, аймақ экономикасын одан әрі дамыту үшін зор мүмкіндік алып отыр.
«Біздің еліміздің барлық аймақтарында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бақылауымен іске асырылып отырған индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы бойынша экономиканың дамуы үшін жаңа серпін беріп отырған жобалар пайдалануға енгізіліп жатыр. 2015 жылы Атырау облысында жалпы сомасы 29 млрд. теңгеге 11 инвестициялық жобаны енгізу қарастырылыған», - деп хабарлады облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов турбинаны іске қосу рәсімінде.
«Жаңа турбинаның іске қосылуы ЖЭО-ның электр қуаттылығын 414 МВт-қа дейін, жылу қуаттылығын - 695 Гкал/сағатқа дейін өсірді. Газ турбинасын жобалап, салған және монтаждаған Алматы, Павлодар, Қарағанды, Атырау мамандары. Жобаның құны - шамамен 5 млрд. теңге. 135-тен астам жұмыс орны құрылған. Ең бастысы, енді біз көршілес аймақтардың электр энергиясының жеткізушілеріне тәуелді емеспіз - облысқа біздің ЖЭО шығарған электр энергиясы жеткілікті», - деді «АЖЭО» АҚ-ның президенті Мұхамбетқали Қалиев.