Атырау облысында кадрларды тәуелсіз сертификаттау жобасы енгізіледі

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында кадрларды тәуелсіз сертификаттау жобасы енгізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетовтің айтуынша, пилоттық жобаны «Еділ-Орал.kz» серіктестігі іске асырады.

«Биылғы ақпанда тәуелсіз сертификаттау жүйесін енгізу үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту министрліктері, Атырау облысының әкімдігі мен «Еділ-Орал.kz» ЖШС арасында ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл туралы келісімге қол қойылды. Осы бағыттағы жұмыстарды ұйымдастыру үшін мұнай-газ сервистік саласындағы 25 мекемемен «АРЕС Petrochnic» колледжінде іскерлік жиын өтті. Жиында серіктестік өкілдері 16 мамандықты сертификаттауды ұсынды. Бұл жүйені жүзеге асыратын оқу орындары анықталып, серіктес жұмыс берушілер белгіленді», - деп хабарлады Азамат Мәмбетов.

Оның айтуынша, тәуелсіз сертификаттау жүйесін енгізумен қатар, «Білім беру жүйесінде кәсіптік стандарттарды қолдану» жобасы да пилоттық режимде іске асады. Осыған орай бірлескен жұмыс тобы құрылып отыр.

«Пилоттық жоба іске қосылғаннан кейін «Еділ-Орал» серіктестігіне өндірістік мекемелердің жұмысшылары мен кәсіптік білімі бар жұмыссыздар өтінім бере алады. Өтінім бергендер сертификаттау бойынша қосымша білім алады. Бұдан соң, кәсіби дағдысы нақтыланып, тәуелсіз сертификатқа ие болады. Бұл өңірде жоғары санаттағы жұмысшылар қатары артып, халықаралық деңгейдегі сертификатты иеленуіне ықпал етеді», - деп мәлім етті Азамат Мәмбетов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Түрік кәсіпкері зауыт салу үшін Атырау облысы әкімінен жер телімін сұрағанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар
telegram