Атырау облысында тастанды кен орнындағы ұңғымалардан мұнай шығып жатыр
«Бұл ұңғымалар Зая елді мекеніндегі «Бұрбайтал» кен орнында табылған. Бұрын бұл жерден Алматыда тіркелген «Казэмир ойл деволопмент лимитед» ЖШС кен өндіретін. Әртүрлі заң бұзушылықтардан соң бұл кәсіпорынмен келісімшарт бұзылған және олар жұмысты тоқтатқан. Бірақ екі ұңғыма толығымен тоқтатылмай, олардан мұнай шығып жатқандығы анықталды», - деп хабарлады Құрманғазы ауданының прокуроры Мақсат Шәріпов.
Кен аумағын қарау барысында экологтар 172 шаршы метр жердің мұнаймен ластанғанын анықтады. Мұнай топырақтың 25 сантиметр тереңдігіне өтіп кеткен.
«Біз «Бұрбайтал» кен орнының бұрынғы иелерін табуға тырыстық. Бірақ көрсетілген мекен-жай бойынша Алматы қаласында «Казэмир ойл деволопмент лимитед» ЖШС жоқ болып шықты», - дейді М.Шәріпов.
Ластанған аумақ бұдан да үлкен болуы мүмкін еді. Бірақ ұңғымалардан аққан мұнай құбыр арқылы 60 тонналық екі резервуарға ағып келеді екен. Оларды кім орнатқандығы белгісіз. Сондықтан бұл оқиғаны тексеру басталды.