Атырау облысында жер бөлуде заңсыздықтарға жол берген әкім мен сәулетші қызметтерінен босатылды
«Мақат ауданының прокуратурасымен аудан әкімдігінің жер заңнамасы талаптарын орындауына қатысты тексеріс жүргізілді. Соның барысында жеке тұлғаларға жер учаскелерін беруде заңның өрескел бұзылғандығы анықталды. Атап айтқанда, ауданның сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы азаматтардан сәйкес өтініштердің болмауына қарамастан жер учаскесін таңдап алуға қатысты 25 акті дайындаған, олар бойынша ауданның жер қатынастары комиссиясы оң қорытындылар шығарған. Нәтижесінде Мақат ауданының Доссор ауылының әкімі 25 жер учаскесін үлестірген болып шыққан», - деп хабарлайды облыстық прокуратурадан.
Анықталған заңсыздықтар бойынша аудан прокуратурасы прокурорлық әрекет ету актілерін енгізген. Мақат ауданы әкімінің тапсырмасымен жемқорлық әрекеттерге жол бергендері үшін Доссор ауылының әкімі Есенжан Төлешқалиев пен ауданның сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Иса Сералиев қызметтерінен босатылды.