Атырау облысындағы вагондардың темір жолдан шығып кету салдарынан 33 адам зардап шекті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Атырау облысында «Сағыз-Мақат» учаскесінде «Алматы-Атырау» бағытындағы №42 жолаушылар пойызының құрамында болған вагондардың не себепті жолдан шығып кеткені анықталып жатыр. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Көлік және коммуникация министрлігі Көлікті бақылау комитетінің төрағасы Әсет Асаубаев айтты.
None
None

«Кеше кешке 17 сағат 57 минут шамасында Атырау облысында «Сағыз-Мақат» учаскесінде «Алматы-Атырау» бағытындағы 42-жолаушылар пойызының құрамында болған жолаушылар вагондары жолдан шығып кетті. Алғашқы ақпарат бойынша 33 адам жарақат алған. Барлығына тиісті медициналық көмек көрсетілді. Оның екеуі ауыр халде тікұшақпен Атырау қаласының ауруханасына жеткізілген. Ал пойызда жалпы саны 580 жолаушылар болған», - деп атап өтті ол.

Ә. Асаубаевтың мәліметінше, жалпы пойыз құрамындағы 19 вагонның 13-і жолдан шыққан. Олардың жетеуі жантая құлаған.

Қазіргі кезде оқиға орнында автобустар мен төтенше жағдайлар тік ұшағын қоса есептегенде 20 техникалық бірлік жұмылдырылған. ҚР ККМ өкілдерінен құрылған комиссия болған оқиғаның себептерін анықтауда.

«Қазір локомотивтік бригадалардың қалай қызмет еткені, темір жолдың жағдайы, жолдан шығып кеткен вагондар зерттелуде», - деді ККМ өкілі.

Соңғы жаңалықтар