Атырау облысының әкімі аналарды үйіне барып құттықтады

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов аналарды үйіне барып құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облысының әкімі аналарды үйіне барып құттықтады

Облыс әкімінің айтуынша, қазақ халқы әйел қауымын ежелден ерекше құрметтеген.

«Оны терең тарихымыздан анық көреміз. Мысалы, өткенімізде рулы жұртқа жол сілтеген, жау қайтарған, ақын, күйші, тіпті тұтас елге үлгі-өнеге болған аналарымыз көп.

Баршамыз асыға күтетін ерекше мейрамда ең алдымен аналарымызды ардақтаймыз. Өйткені, адамзат баласы үшін «әлемнің жарығын сыйлаған» жанның орны әрқашан айрықша», деп жазды облыс әкімі Facebook -тегі парақшасында.

Әкім әйелдер қауымы саяси өмірге белсенді атсалысып, стратегиялық міндеттердің орындалуына да зор үлес қосқанын атап өтті. Бүгінгі барлық жетістіктерімізді сіздерсіз елестету мүмкін емес, деді әкім.

«Түн ұйқысын төрт бөліп ұлтымызды ұлықтайтын мемлекетшіл ұрпақтың бесігін тербейтін де сіздер. Салт-дәстүріміз бен тілімізді, мәдениетіміз бен тарихымызды ақ сүттеріңізбен балаларымыздың бойына дарытып келесіздер. Сол себепті, ұрпақ тәрбиелеудегі ерен еңбектеріңізге баға жетпейді. Шексіз махаббаттарыңыз бен төзімдеріңізге және мейірімдеріңізге мың алғыс!», - деді әкім.