Атырау облысының әкімі Жайық өзенінің тартылуына себеп болатын факторларды атады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіне қатыса отырып, Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Жайық өзенінің қазіргі жағдайы мен өзеннің тартылуына қатысты факторларды атады.
«Жайық өзенінің тартылып бара жатқаны рас. Қазақстан-Ресей аймақаралық ынтымақтастық форум барысында мен осы мәселені үш рет көтердім, бірінші рет - Батыс Қазақстан облысының әкімі қызметінде жүргенде және екі рет Атырау облысының әкімі қызметінде жүргенде Жайық өзенінің мәселесін айтқан болатынмын. Бұл мәселе үкіметтік деңгейде де бірнеше рет көтерілді», - деген әкім Қазақстан Жайық өзенін тазалап, оның тереңдігін қадағалау үшін қолдан келгеннің бәрін жасап отыр деді.
«Жайық өзенін қорғау жөніндегі қор құру туралы ұсыныс айтылған болатын. Біздің Үкімет бұл бастаманы толықтай қолдағанымен, өкінішке орай, Ресей тарапынан осы уақытқа дейін қолдау таппадық. Өзенді тереңдету жұмыстары ішінара жүргізіліп отырады. Өзеннің Қазақстан аумағындағы бөлігін тазалаудан пайда жоқ, себебі, өзеннің басынан бастап тазалау керек. Біз қатарынан екі-үш жыл тазалағанмен, бір-екі жылдан кейін тағы ластанды. Сондықтан, бұл жұмысты Ресей тарапы да қоса атқару керек. Орынбордағы су қоймасы Жайық өзенінің тереңдігіне әсер ететінін де естен шығармау керек. Тағы бір мәселе, Орал өзені Ресей Федерациясы аумағынан басталады, су деңгейі қар көлеміне де байланысты. Соңғы 10-12 жыл бойы қардың аз түсуі Жайықтың тартылуына да кері әсерін тигізді», - деді аймақ басшысы.