Атырау облысының жер қойнауын пайдаланушыларға 1 млрд. теңге көлемінде айыппұл салынды

Бұл туралы бүгін Жоғарғы соттағы селекторлық кеңесте Атырау облыстық сотының төрағасы Мұхтар Смағұлов мәлім етті.
Аталған өңірде мұнай-газ саласында жұмыс істейтін шетелдік компаниялардың негізгі үлесі шоғырланған. М. Смағұловтың сөзінше, облыс соттарында туындайтын негізгі дау-дамайлар елдің экологиялық заңнамасының бұзылуына қатысты болады.
«Экология - бұл ең көп қаралатын мәселе. Заң бұзушылықтар мұнай өндіру кезінде, кен орындарында орын алып жатады. 2012 жылы экономикалық сот экономикалық заңнаманың бұзылуы туралы 29 талап-арызды қарастырды және негізгі өндіруші «Теңізшевройлдан»
бірден 18 млрд. өндірілді. 2013 жылы осындай 43 іс қаралып, 22 млрд. теңгеге жуық қаржы экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін өндірілді. Биылғы 7 айда біз 12 істі қарастырып, экологиялық заңнама талаптарын орындамау бойынша 1 млрд. теңгенің талап-арызы қанағаттандырылды»,-деді М. Смағұлов.
Оның айтуынша, Атырау облысының аумағында 9 мыңнан астам кәсіпорын тіркелген, ал оның 900-ден астамы шетелдік капиталдың қатысуымен жұмыс істеп жатыр.