Атырауда алдағы бес жылда көпқабатты 237 ескі үй реновациядан өтеді
Әкімнің айтуынша, бұл жұмыс Атырау қаласының тұрғын үйлерін реновациялаудың 2022-2026 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады.
«Реновациялау – ескі ғимараттарды толығымен бұзып, жаңа нысан салу. Бұл жобаны іске асыру кезінде ескі тұрғын үй иелерінің өмір сүру деңгейін жаңа пәтерлермен қамтамасыз ету арқылы жақсарту көзделіп отыр. Мұндай жоба мұнайлы шаһардағы әлеуметтік шиеленісті жою, Атырау қаласының құрылыс секторын дамыту үшін инвестициялық климат құруға ықпал етеді», -дейді Мейірім Қалауи.
Әкімнің дерегіне қарағанда, жоба 8 басты бағытты қамтылған. Оның ішінде қала аумағындағы ескі үйлерді жою, азаматтарды жайлы тұрғын үймен қамтамасыз ету, қаланың сәулеттік келбетін қалыптастыру, құрылысқа бюджеттен тыс қаражат тарту тетіктерін дамыту және өзгелері бар.
«Атырау қаласында реновацияға жататын 237 ескі үй, 3549 пәтер бар. Алдағы бес жылда сол баспаналарды құрылыс компаниялары қайта жаңғыртады. Нақтысында бір баспананы толығымен бұзып, дәл сол жерге жаңа нысан тұрғызады. Құрылысты бастар алдында мекеме тұрғын үйдегі пәтер иелерімен келісімге келіп, оларды жайлы баспанаға көшіруді міндетіне алады. Жұмыс аяқталғаннан кейін, үй иелері бұрынғы тұрғылықты жеріне, бірақ жаңа баспанаға қайта оралады. Ал, қалған пәтерлерді құрылыс компаниясы сатылымға шығарады», -деп түсіндірді Мейірім Қалауи.
Атырау қалалық қаржы бөлімнің басшысы Мейіржан Мұқасовтың мәліметіне сүйенсек, бағдарлама аясында ескі көппәтерлі үйлердің иелерін көшіру тұрғындардың санына қарамастан, пәтерлерге арналған техникалық төлқұжаттарға сәйкес, «бөлме үшін бөлме» қағидаты бойынша жүргізіледі. Ал бөлме санын көбейткісі келетіндер құрылыс компаниясының өкілдерімен келісім жасауы керек.
«Бағдарламаны іске асыру кезінде аумақты абаттандыру, көше, жол желісін, тұрақ кеңістігін, қасбет маңындағы аймақтың тротуарларын салу, аула және көгалдандырылған аумақтарды ұйымдастыру мемлекет есебінен жүргізіледі. Бұл жобаны іске асыру Үкіметтің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы №1054 қаулысымен бекітілген «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының негізінде әзірленді», -дейді Мейіржан Мұқасов.
Оның айтуынша, ескі үйлердің басым бөлігі М.Баймұханов, М.Әуезов, Азаттық, С.Датов көшелерінде орналасқан. Атырау қаласында 2011-2020 жылдары аралығында 149 үйге күрделі жөндеу жүргізілген. Ал, 2012-2022 жылдары жалпы ауданы 34 069 шаршы метрді құрайтын 37 үй бұзылған.
Еске сала кетелік, бұған дейін сапалы жоспарлау стандартымен Атырау қаласын дамыту тұжырымдамасы қалай іске асатынын хабарлаған болатынбыз.