Атырауда алғаш рет телефон «лаңкесін» қамауға алуға санкция берілді

АТЫРАУ. 18 қыркүйек. ҚазАқпарат - Атыраудың №2 қалалық соты қойылған жарылғыш зат туралы жалған ақпарат берген күдіктіні қамауға алуға санкция берді.

Атырауда алғаш рет телефон «лаңкесін» қамауға алуға санкция берілді

Облыстық соттың баспасөз қызметінен хабарланғандай, күдікті, Атырау облысының 1983 жылғы тұрғыны 2 айға қамауға алынды. Оған лаңкестік актісі жөнінде көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін ҚР ҚК-нің 242-бабы, 1-бөлімі бойынша айып тағылды.  

Естеріңізге сала кетейік, «Насиха» сауда кешініне жарылғыш заттың қойылғандығы туралы қоңырау Құлсары қаласында болжамды лаңкестерді қарусыздандыру бойынша арнайы операция жалғасып жатқан күні келіп түсті.

Атырауда жасалуы мүмкін лаңкестік туралы жалған ақпарат берген адамды қамауға алуға санкция алғаш рет беріліп отыр. Бұған дейін телефон «лаңкестері» уақытша ұстаумен және айыппұлмен құтылып кететін.