18:07, 11 Тамыз 2015 | GMT +5
Атырауда алты адамның ажалына себепші болған жүргізуші сотталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Атырау облысы, Жылыой аудандық соты азамат А. Нұрғожиевке қатысты сот үкімін жариялады.
Сотталушы А. Нұрғожиев 2015 жылғы 19 мамырда «КамАЗ-55111» маркалы автомашинасымен, Доссор-Бейнеу тас жолында, алдындағы көлікті басып озбақшы болады. Ол қарсы бағытқа шығып кетіп, «Лада-Ларгус» маркалы автокөлігімен бетпе-бет соқтығысады.
Осынау жол-көлік апаты салдарынан жеңіл автокөлікте болған алты адам көз жұмып, бір адам ауыр дене жарақатымен Атырау облыстық ауруханасына жеткізілген.
Сот сотталушының жасаған әрекетіне өкінетіндігін жауаптылығын жеңілдететін мән-жайлар ретінде танып, 5 жылға көлік құралын басқару құқығынан және 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.