Атырауда айына 4,4 млн. теңгеге дейін жалақы алатын кім?

Мұндай түйінді Бас прокуратураның тапсырмасымен шетелдік жұмыс күшін тартумен айналысатын 18 компанияны тексерген комиссия мүшелері жасады.
Облыс прокурорының көмекшісі Ақтан Қуановтың мәліметінше, тексерілген барлық дерлік компанияларда бірдей қызметті атқаратын шетелдік қызметкерлердің жалақысы қазақстандықтарға қарағанда бірнеше есеге жоғары.
Мәселен, «Сичим С.П.А.» ЖШС-да техника қауіпсіздігі жөніндегі қазақстандық маманның еңбекақысы 198 мың теңге, ал шетелдік маманның - 538 мың 400 теңге. «Экспертиз С.Р.Л.» филиалында 28 күндік вахталық жұмысы үшін шетелдік маман - 3,7 млн. теңге, ал осындай лауазымдағы отандасымыз 341 мың теңге алады. «Тоцци Қазақстан» ЖШС-да сапа жөніндегі инженерге вахта үшін 900 мың, ал біздің инженерге 225 мың теңге төленеді.
Еңбекақы төлеудегі ең үлкен айырмашылық «Фиркрофт Инжиниринг Сервисиз Лимитед» компаниясының филиалында анықталды. 28 күнге созылатын кезекшілік вахтасы үшін шетелдік азамат 4,4 млн. теңге алатын болса, осындай жұмысы үшін қазақстандық жұмыскер айына 382 мың теңге алып келген. «Қазмұнайсервисис энд Контрактинг» ЖШС АФ-да да еңбекақы төлеуінде дәл осындай жағдай қалыптасқан.
А.Қуановтың айтуынша, қазіргі таңда жұмыс нәтижесінде прокурорлық жауап актілері әзірленіп жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, облыстық прокуратура, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаменті және Атырау облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының қызметкерлері қатысқан тексерістер шетелдік компанияларда жұмыс істейтін қазақстандық қызметкерлердің көптеген шағымдарынан кейін жүргізілген болатын.